Түркістан облысында «қызыл» статусы анықталған 23 азаматқа 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды
Түркістан облысында 2122 азамат үй карантинінде. 23 мамыр мен 28 шілде аралығында 150 азаматтың «қызыл», «сары» мәртебесі бола тұра оқшаулау режимін бұзғандығы «Ashyq» жобасы арқылы белгілі болды. Оның ішінде 36 азамат «қызыл», 114 азамат «сары» статусында анықталды. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 14 күндік үй карантинін бұзған 36 азаматтың 23-не 10-маусымнан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған тұрғындар қоғамдық тамақтану орындарына, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қонақ үй, сауда үйлеріне кірмек болғанда «Ashyq» бағдарламасы арқылы нысанға жіберілмеді.
Жоғарыдағы талаптар бұзылған жағдайда 87510 теңге айыппұл салынады.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Ashyq» жобасы сәуір айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі таңда 3116 нысан жүйені пайдаланады. Кәсіпкерлік палатасына «Ashyq» жобасын енгізу үшін тағы да 3374 өтініш берілген. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес талаптарды орындамаған, яғни келушілердің QR-код (check-in) сканерлемеген, жұмыс алгоритмін бұзған 177 нысан жобадан шығарылды. Коронавирус ауруы ауа-тамшы жолдары арқылы жұғып, тез таралатындықтан, өзіңіз бен өзгелердің денсаулығына қауіп төндірмегеніңіз абзал.