«Тәртіпке бағынған құл болмас»
Созақ ауданында коронавирустық инфекциясы бойынша карантиндік шектеу шараларының орындалуы және мобильді топтардың жұмыстары бойынша аудан әкімдігінде жиын өтті. Айта кету керек, Қазақстанның барлық аймақтарында карантин режимі күшейтілгені ақпарат көздерінен баршаға мәлім. Бұны күнделікті теледидардан хабарланып, әлеуметтік желіден оқып отырмыз. Жасыратыны жоқ, жер бетіндегі барлық елдерге келген бұл індеттің тізгіні тартылар емес. Десекте, мемлекет тарапынан қауіпсіздік барынша нығайтылуда. Осыған орай, әр азамат өзі үшін, отбасы, туған туысы, алыс жақыны үшін сақтық шараларын бірінші орынға қойғаны абзал. Сонымен жиында, пандемияға байланысты аудандағы эпидемиологиялық ахуал бойынша, аудандық санитарлық —эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы М. Ғафур, аудан халқының денсаулығы, емделушілер, вакцина жұмыстары бойынша аудандық орталықтандырылған емхана басшысы Т.Қалдыбеков, аудан көлеміндегі карантиндік режимге байланысты тәртіп, ереже, шектеулер бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Б. Махаш хабарлама жасады. Аудандық мобилді топтың жетекшісі аудан әкімінің орынбасары Б. Айдарбеков барлық ауыл, поселке әкімдіктері бойынша талдау жасап, карантин режимі өрескел бұзылған жәиттерді назарға алып, мобилді топтардың, ауыл әкімдерінің жұмысын барынша ширатып, жүйелендіру қажеттігін алға тартты. Аудан басшысы С. Полатов жергілікті халықтың амандығын сақтау, пандемиямен күресті күшейту мақсатында жұмыла жұмыс жүргізуді, мобилді топтардың жұмыстарын күшейтуді, халық көп шоғырланатын жиындарға, той —жиындарға, отбасылық басқосуларға, қатаң тиым салып, халық арасында дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, ескерту шараларын күшейтуді баса айтып, ауыл кент әкімдеріне, мобилді топ мүшелеріне нақты тапсырмалар берді. Әрине мемлекеттің бірінші байлығы —халық. Халықты кароновирус пандемиясынан аман алып қалу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екенін есте ұстаған абзал. Адамдар арасында дұрыс түсінік қалыптасқаны жөн. Вакцина салдыру қажет. Әркім өзі үшін екпе алғаны дұрыс. Қай заманда да елге келген індетті тек вакцинамен тоқтатып отырған. Бұл тарих беттерінен айқын мәлім. Қымбатты ағайын, жерлестер мына шіліңгір шілдеде өршіп түскен індетпен жабыла күресейік. Күшейтілген карантин шараларын сақтайық. «Тәртіпке бағынған құл болмас» демекші, барлық кәсіпкерлік нысандар жұмыстарын карантиндік ережеге сай жасап, әр бір азамат өзінің, отбасының қауіпсіздігіне баса назар аударса. Адами қасиетпен болып жатқан жағдайларға дұрыс, саналы, сауатты көзқараспен қарап, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейік. Аман болайық ағайын!
Нұржамал МАЙУСОВА.