«Шымкент қаласының тарихы» кітабы жарық көрді

Oinet.kz 15-06-2021 1452

Screenshot_3.png

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент республикадағы көне қалалардың бірі. Тасын түрсең тарихы ақтарыла шығатын шаһардың жасы 2 мың жылдан асты. Қаланың тарихы, өсіп-өркендеуін енді бір кітаптан оқуға болады. 

Жазушы, шежіреші, профессор Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Момбек Әбдіәкімұлының төл туындысы «Шымкент қаласының тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған жиынды Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асқар Әлихан ашып, жүргізіп отырды. Басқосуға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшім Жанысбекұлы және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысып, жарық көрген кітап туралы өз ой-пікірлерін бөлісті.

Жазушы Момбек Әбдіәкімұлы «Шымкент қаласының тарихы» атты кітабының мазмұны жайында әңгімелеп, кітаптың шығу тарихын толық таныстырып өтті. Кітап - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, тұрғындарының саны миллионга жетіп, республика көлемінде айрықша мәртебесі бар үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласының терең тарихы жайлы жазылған. Сондай-ақ, 2200 жылдық тарихы бар қаланың тың деректерімен етене таныстыра отырып, жастардың отанға, тарихқа,  кітапқа  деген қызығушылығын   арттыру мақсатында жарық көрді.

Кітапты таныстыру барысында автор: «Бұл жаңа туынды да Шымкенттің әлімсақ заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына тұтастай шолу жасала келе  өткен ғасырларда қалада іске асқан барлық қадау-қадау тарихи оқиғалар хақында молынан баяндалған. Сонымен қатар, оның бергі кезеңдердегі өсіп-өркендеуі мен даму жолы туралы толық мағлұматты көңілі ояу жастарға, ғалымдарға, жалпы оқырманға берері мол», — деді Момбек Әбдіәкімұлы.


Әлеуметтік дүкендер көбейеді
Тұрғындар ауызсудан тапшылық көрмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу