Қазығұртта ауыз су өндіретін цех іске қосылды

Oinet.kz 27-05-2021 440

28.jpg


Түркістан облысы Қазығұрт ауданында «Aqua the best» сауда белгісімен ауыз су өндіретін цех іске қосылды. Жылына 2 400 тонна өнім беруге қауқарлы мекемеде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы бүгін брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Қазығұрт» индустриалды аймағында жалпы құны 7,3 млрд теңге болатын 200 адамға жуық жұмыс орны бар 5 кәсіпорын жұмыс істейді.

«Ауданымыздағы шағын және орта бизнес саласы да қарқынды дамуда. Бүгінге дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 9 251-і жұмыс істеп тұр. Олармен 13 780 адам жұмыспен қамтылып, саладағы өндірілген өнім көлемі 15 млрд 967,8 млн теңгеге жеткен», – деді аудан әкімі.

Жиын барысында аудан басшысы кәсіпкерлерге тиісті деңгейде барлық қолдаулар көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті. Мәселен, қаржы ұйымдары арқылы жыл басынан бері 1500-ге жуық азамат жеке кәсіп бастау үшін 1 млрд 87,7 млн теңге көлемінде несие алған. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 442 млн теңгеге 18 ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар қаржыландырылған. 

«Түрлі деңгейдегі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 4 айда 9 млрд 164,7 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 30,9 млн теңгеге ұлғайған. Оның 7 млрд 903,1 млн теңгесі - мал, 1 млрд 237,6 млн теңгесі - егін шарушылығына тиесілі», – деді А.Айдарұлы.

Сонымен қатар, аудан әкімі инфрақұрылым саласындағы мәселелердің де кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын жеткізді. Мәселен, аудандағы 64 елді мекеннің 59-на таза ауыз су жүйесі тартылып, қамтылу деңгейі 92,2 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін 93,7 пайызға орындау жоспарланған. Ал, ауданның 73 пайызы көгілдір отынмен қамтылса, 98,4 пайызы орталықтандырған электр желісіне қосылған.


Қазығұртта жол сапасы жақсарған
Автокөлік шеруі жолға шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу