«Балаға бақыт сыйла»
1 - ші маусым Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мерекені атап өту жөніндегі шешім 1949 жыдың қарашасында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді. Біріккен Ұлттыр Ұйымы аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
1-маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ордабасы ауданында карантин талаптары аясында бірқатар іс-шаралар өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев мүмкіндігі шектеулі Әбілдә Қарақаттың үйіне арнайы барып, бүлдіршінге аудан әкімінің сыйлығын табыс етті. Қарақат өзге құрбылары секілді қалыпты дамып, балабақшада, мектепте белсенділігімен ерекшеленіп жүрген бүлдіршін болатын. Өкінішке орай, денсаулығы сыр беріп, бүгінде дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды.
Сонымен қатар, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, "Самұрық" аллеясында балалар арасында сурет салудан байқау ұйымдастырылып, қуыршақтардан мерекелік тарту үлестірілді.
Аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер "Балаға бақыт сыйла " акциясына белсенді қатысып, аудандағы мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, сый-сияпат тапсырды.