Күріш өсіруге көп көңіл бөлетін Шардарада 8 мың тұрғынға газ беріледі

Oinet.kz 18-04-2021 411

шшш.jpg

Шардара ауданындағы маңызды жобалардың бірі – Жаушықұм алқабын суландыру жобасы іске қосылғанда жыл сайын 11 млрд теңгенің өнімін өндіруге болады. Сонымен қатар 12500 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің іссапары барысында айтылды.

Шаруалармен кездескен өңір басшысы облыста аумағында жаңадан айналымға қосылатын суармалы жерлердің арттыруына аса мән берілетінін айтты. Ө.Шөкеев Жаушықұм массивіндегі 12 мың гектардан астам алаңдағы су таратқыш және сорғы станциясын қайта құру жобасын пысықтады. Суармалы жердің қосылуы нәтижесінде 2,5 мың га жерге көкөніс, 2 мыңдай гектарға картоп, 3 мың гектардан астам жерге бақша, мың гектардан астам алқапқа сүрлемдік жүгері, 3 мың га аса жерге жоңышқа егіліп, жыл сайын 523 мың тонна көлемінде азық-түлік және мал азықтық өнімдері өндірілетін болады. Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдауды қажет етеді.

– Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл-аймақтың әлеуеті арта түсуде. Түркістан облысы аграрлық аймақ саналатындықтан және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты болғандықтан, аталған мәселені шешу маңызды, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Екі айда пісетін қарбыз бен болгар бұрышын еккен ауыл диқандары облыс әкімініе 1 гектардан 1,5 млн теңгеге дейін табыс табатындарын айтты. Сонымен қатар, соңғы жылдары ауданда күріш өсіру мықтап қолға алынған.

шш.jpg

Облыс басшысы 40 жылдан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған «Шардара» мектеп-лицейін аралады. 6 мың шаршы метрге жуық жерде орналасқан білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 350 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Мектепте 1500-ден астам жуық оқушы оқиды. Білім ұясын аралап шыққан облыс басшысы мәселені мақұлдады.

Бұдан соң Шөкеев Шардара қаласындағы жедел жәрдем станциясына барып, ауысымында 150 келушіге арналған аудандық емханаға жапсарлас салу ғимаратының құрылысымен танысты. Облыстық бюджеттен қаржыландырылған құрылыстың сметалық құны 1 млрд 715 млн теңгеден асады. Созбалаңға салынған істі сынға алған Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

Облыс басшысына сондай-ақ, Шардара қаласының Абай, Қызылжар шағынаудандарын кварталішілік газ жүйелерінің құрылысы бойынша баяндалды. Жобаның сметалық құны 767 млн теңгеден асады. Республикалық бюджеттен биыл 300 млн қаржы қаралған. Жоба бойынша шағынаудандардағы 8 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылады.


Түркістан спортшылары Токио Олимпиадасына дайын
Түркістан облысында жаппай вакциналаудың алгоритмі құрылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу