Шөкеев әкімдер мен жауапты тұлғаларға жайылым жерлерді реттеуді жүктеді
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы іссапармен барып, Жетісай, Мақтарал, Келес аудандарының тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында олармен бірге бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Үш аудан азаматтары мен әкімдері бас қосқан жиында жайылым мәселесіне қатысты ойлар ортаға салынды. Қазіргі уақытта малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ол жерлердің табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Мал басының артуы да жердің тарлық етуіне әкеліп соғуда. Оның үстіне көп жерлер жеке қолда.
Мәселені ретке келтіру жұмыстары Түркістан облысында үш жылдан бері жүргізіліп келеді. Үш аудан азаматтарымен жүздескен облыс әкімі жергілікті билік пен жауапты тұлғаларға жайылымдық жер мәселесін реттеуді жүктеді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша “Сабыр” шаруа қожалығының атқарып жатқан жұмыс барысымен танысып, жұмысшылармен кездесті. Қырыққабат егіп, алғашқы өнім алуға дайындалып жүрген диқандар бұл тәсілдің тиімділігінің қыр-сырымен бөлісті. Бірінші өнімді жиып алған соң олар қарбыз егуге көшеді. Тиімділігін дәлелдеген тәсілге жүгінгендер, жылына 1 га жерден 8 млн теңгеге дейін пайда табады.