Оқып әрі грант ал!
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Шымкент қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері әзірге 1 азамат шағын несие алған. Ал жуырда жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды 600 адамға үйлестіру жоспарлануда.
– Грантқа алу үшін тиісті курс оқу керек. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқуға біздің орталық тарапынан 1900 адамды жолдау жоспарлануда. Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты азаматтарға жолдама беру онлайн форматта жүзеге асырылады. Үміткерлерден құжат (жеке құжаты мен өтініші) Telegram желісіндегі @BastaubusinessBot ботында 1900 азаматтан өтінім түскенге дейін қабылданады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан оқытылатын 21 күндік оқу курсы 26 сәуірден басталады. Азаматтар өтінім беру мерзіміне қарай бекітілген оқу кестесіне сәйкес оқуға жолданады. Құжаттарды тапсыру бейнеролигінің үлгісі қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының Instagram-дағы zhumispen.kamtu және Facebook-тегі «Шымкент жұмыспен қамту орталығы» парақшаларында көрсетілген,– деді жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Майя Смағзамқызы.
Бұл оқу курстарына мына азаматтар қатыса алады:
* Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар және ауылды елдімекендер мен аудан орталықтарында тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
* ауылды елдімекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және шағын қалаларда тұратын адамдар;
* мүмкіндігі шектеулі жандар (егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе, не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмесе);
* 50-ден асқан адамдар;
* жастар, сондай-ақ, NEET санатындағы жастар;
*табысы аз және/немесе көп балалы отбасылардың мүшелері;
* ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері;
* қоныс аударушылар және оралмандар.
Бағдарлама аясында оқуды бітірген қатысушыларға сертификат беріледі.