Ордабасы: Туған жерге тарту

Oinet.kz 28-08-2020 504

Ордабасы – Тәуелсіздікпен тамырлас тарихи орын

Ордабасы ауданының жастары біліммен қатар қосымша үйірмелерге, өнерге белсене атсалысып жүр. Олар бүгінде спорт түрлерінен үлкен жетістіктерге жетіп, аудан атын шарықтатуда. Республика деңгейіндегі чемпионаттарда топ жарып, спорттың бірнеше түрін дамытуға ден қойған.

Негізінен ауданда балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулитын екі мектеп бар. Бұл мектептерде спорттың 13 түрінен жасөспірімдер дене шынықтырумен айналысады. Ауыл округтерінде де қазақ күресі, футбол, дзюдо, бокс, қол күрес, еркін күрес, жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол, аралас жекпе-жек, белбеу күрес, каратэ-до, самбо спорт секциялары ұйымдастырылған.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданындағы жаттықтырушылар саны 72, спорт мектебінде 2012 оқушы тәрбиеленуде. Бүгінге дейін ауданда қанаттанып, ұлттық құрамаға енген спортшы -19, облыс құрамасына енген ордабасылықтар - 45. Қазақстан Республикасының 18 чемпионы, Қазақстан Республикасы чемпионатының 137 жүлдегері, облыста топ жарған 75 чемпион, облыс чемпионатының 418 жүлдегері Ордабасы ауданында шыңдалған.

Ауылдың көркін кіргізіп,  дамыту ауыл азаматтарының қолында. Өздеріңізге белгілі, 25 мамыр мектеп бітіруші әр түлек үшін маңызды сәт. Себебі, мектеп бітіру кештері жыл сайын осы уақытта болатын. Қанша жыл өтсе де, алтын ұя мектеппен қоштасу сәті естен шықпайды. Биыл карантинге байланысты барлық іс-шаралар тоқтатылып, думандату дәурені шектетілді. Осы тұста Ордабасы ауданына қарасты Жеңіс ауылының 2000 жылы мектеп бітірген азаматтар арнайы кештің орнына ауылға дендросаябақ салып беруді жөн көріпті.

Туған жерге тарту ұйымдастырған түлектердің дендросаябағы әлі толық аяқталмады. Дегенмен 50 соттық жерді құрайтын саябақ бүгінде жасыл желекке оранып, шырша және түрлі жеміс көшеттері егілген екен. Тағы айтып кетері, бұл көшеттердің арасында 50 шыршаны ауылдан шыққан жеке кәсіпкер өз қаржысынан өз мойнына алған. Туған елге деген сүйіспеншіліктің арқасында ауыл келбеті ажарлана түскен.

– Жастардың саябағында 50 түп шырша, 50 түп, алма, 200 түп түрлі ағаштар егілді. Бәрі жақсы өніп шықты. Суарып, осы жерде қараймын бағбан ретінде, - дейді бақташы Князбек Пірманов.

Жыл сайын елімізде 10 жылдық, 20 жылдық басқосушы түлектер тек той тойлаумен шектелмей, бір игі істің бастаушысы болатын еді. Биыл енді думандатып тойлайтын заман емес, десе де олар бас біріктіріп, ауыл тұрғындарына демалыс саябын сыйлауды мақсат тұтыпты.

– 2000 жылы бітірген түлектер осы ауылға игілікті іс істейік деп, бізден кейінгі жастарға үлгі болсын деген ниетте бастағанбыз. Ауылымыздың әкімі Марат Төреевтің бастауымен, түлектердің қолдауымен іс басталды негізі. Аудан әкімінің орынбасарынан осы қоршауды сұрап ары қарайғысын біз жалғастырдық. Негізінен көктемде басталған. Карантинге байланысты тоқтап тұр. Күзде аяқтаймыз деген ниетіміз бар, - дейді ауыл тұрғыны Ержан Әбдіразақ.

Жеңіс ауылдық округінің құрамына екі ауыл кіреді. Жеңіс және Дихан ауылындағы 2 500 тұрғынға интернет желісі қиындық тудыруда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында онлайн режимде оқуға тура келген оқушыларға аздап қиын тудыратын секілді

– Бізде интернет желісі спутник бойынша жалғанған. Жуырда кабельдік желі тартылып жатыр. Олар қазір жер астынан тартылып келді. Ауылға тарату бойынша электр бағаналары орнатылған. Жыл соңына дейін толығымен интернет желісі қосылады. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға қойылып жатыр,- дейді ауыл әкімі Маратбек Төреев.

Сонымен қатар, ауылда ауыз судың дәмі де көңіл көншітпейді. Жыл басында қаржы қаралып, қазір ауыл сыртынан 120 метр ұзындықта ұңғыма қазылуда екен. Деңгейін анықтау бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Аталған ұңғыма ауыл сыртынан 3 шақырымды құрайды. Электр бағаналары тартылып, басына арнайы мотор қойылуда. Ол жұмыстарды қыркүйек айында аяқталып, толық пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жеңіс ауылының 9100 га ауыл шаруашылығына бөлінген. Бірі мал шаруашылығына ден қойып, ет-сүтін тауып кәсібін дөңгелеткен болса, екіншілері егін шаруышылығын дамытып, өтімді өніммен нәпақысын тауып жүр.

Кәсібін ашқандар көбейіп келеді
Созақта қарбыздың жаңа сорты өсіріліп жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу