Түркістанда 24 тұрғын үй салынып жатыр
Төтенше жағдай мен карантиндік режимге қарамастан Түркістан қаласында биыл жоспарланған нысандардың құрылысы жүргізіліп, уақытында пайдалануға беріледі. Әсіресе, өңірдегі құрылысшыларды ынталандырып отыру қажет.
-Түркістан қаласында қарқын алған тұрғын үй құрылысын аралап шыққан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев осылай деді,-деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, білікті құрылысшыларды тиiмдi жұмысқа ынталандыруды тапсырды. Дайын пәтерлердің сапасын тексеріп, жұмыс кестесінен қалыс қалған компания жетекшілерін қатаң сынға алды.
Білікті құрылысшыларға қолдау көрсету туралы облыс әкімінің бастамасын толығымен қолдаған жауапты сала басшылары айқындалған тапсырмаларды тиiмдi жүзеге асыруды межелеп отыр. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында 24 тұрғын үй құрылыс нысандары салынып жатыр. Жоспар бойынша баспаналар жыл соңына дейін түркістандықтарға тапсырылады.
Шаһардың әкімшілік-іскерлік орталық аумағында 7 қабатты14 тұрғын үй мен 12 қабатты 29 тұрғын үйдің, Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолының бойында 7 қабатты 10 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.
Облыс басшысы қала орталығындағы желілік саябақтың аяқталуға жақын тұрған көгалдандыру жұмыстарын бақылап, аспан астында орналасқан бассейнде болды. Ерекше жоба маусым айында ашылады.