Жолдардың сапасы жақсарып келеді
Түркістан облысында соңғы жылдары жол салу, жолдарға орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарқын алып келе жатыр. Облыста автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 16 500-ден астам шақырымды құрайды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылы 74,1 пайызды құраса, биыл 77,6 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
2019 жылы 1 740-қа жуық шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп, 1 300-дей шақырымы пайдалануға тапсырылды. 2020 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 917,9 шақырым жол мен көшелерді қамту көзделуде. Жыл қорытындысымен 605,6 шақырымы пайдалануға берілмек.
Облыс орталығы - Түркістан қаласы бойынша көшелердің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Былтыр 86,4 шақырым көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 33,6%-ға жетті. Биыл 135,5 шақырым көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың шілде айында аталған жұмыстар толығымен пайдалануға берілетін болады. Түркістан қаласында жақсы және қанағатты жағдайдағы көшелер үлесін 49,4 пайызға арттыру көзделуде.