Бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүргізілуде
Түркістан облысы Мақтааралда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар жүзеге асуда. Бұл туралы аталған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде бұған дейін бағасы 8200 теңге болған "Пионер" ұны аудан орталығы Мырзакент кентіндегі "Бахтияр" сауда орталығы мен осы орталыққа қарасты 4 дүкенде және Атакент кентіндегі Ибраев көшесі, №17б үйде орналасқан қоймада 7700 теңгеден сатылуда.
Жалпы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты елімізде Төтенше жағдай жариялаған күннен бастап Мақтаарал ауданының базарлары мен азық-түлік дүкендерінде баға өсімдері байқалған. Соңғы күндері ұн, картоп, қарақұмық сияқты азық-түлік бағалары көтерілген болатын. Мәселен, картопқа шектік рұқсат етілген баға 132 теңге болса, ауданымызда 160 теңгеге дейін өскен. Сол секілді қарақұмыққа шектік рұқсат етілген баға 302 теңге болса, 350 теңгеден сатылған.
Аудан әкімі Бақыт Асанов жағдайды бақылауға алу үшін базарлар мен сауда орталықтарына арнайы барып, кәсіпкерлермен жеке-жеке кездесті. Еліміздегі жағдайды айтып, мұндай кезде халыққа көмектесу керектігін түсіндірді. Нәтижесінде, пионер ұны 7700 теңгеге, картоп 130 теңгеге түсті.
Айта кетейік, ауданымызда тұрақты түрде баға мониторингі жүргізіліп тұрады. Ол үшін арнайы мониторинг топтары құрылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.