Төлеби ауданы 100 пайыз газдандырылады
Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы ерекше назарға алынған. Көзделген мақсат - АГТС-ті іске қосып, 78 елдімекенге көгілдір отын жеткізу.Сондай-ақ, Түркістан мен Кентау қалалары мен оңтүстік аймақтарын толық газдандыру. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Атқарылып жатқан қыруар жұмыстың нәтижесінде әзірге 40 елдімекен табиғи газбен толық қамтылған. Бұл облыс халқының 50%-ға жуығы ғана. Аппарат жиынында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық аудан әкімдеріне маңызды мәселені мықтап қолға алуды тапсырды.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды ортаға салды. Қазіргі таңда 38 елдімекенге көгілдір отын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жоспар бойынша атқарылуда. «Қызылжар», «Жаңақоғам», «Қызыләскер», «Ескі Иқан», «Таскескен», «Жібек жолы», «Қақпақ» АГТС-н іске қосу жұмыстары биылға белгіленген. Сонымен қатар, облыс аумағындағы 262 нысанды республикалық меншікке өткізу мәселелері де шешілуде.
Түркістан қаласында осы уақыт ішінде 7 262 абонентке газ жеткізілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50%-ға арттыру көзделген. Шаһарда әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды газдандыру жұмыстары қатар жүруде. 315 нысанның 23-і қоғамдық моншалар. Алдағы уақытта газдандыру мәселесіне қатысты газ-техникалық инспекция жұмысын бастайды.
Кентау қаласында алдағы мамыр айында барлық магистральдық газ және тарату құбырлары орнатылады. Қаланы газбен қамтамасыз ету үшін «Қызыләскер» АГТС-і іске қосылады. Кентауда көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз етіп, пәтерлерді жылыту қазандықтарына қосу жұмыстары қарқынды.
Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2023 жылдар арасында облыстың оңтүстік аудандары табиғи газбен толық қамтылады. Бүгінге 5 ауданға газ құбырларын жеткізу жүзеге асуда. Алда Төлеби ауданын газдандыруды 100% -ға жеткізу көзделіп отыр. Үш жылдық жоспарға сәйкес, Түркістан облысының елдімекендерін газ жүйесімен жабдықтап, табиғи газ жеткізу ісі 80% -ға дейін өседі.