«Қарапайым заттар экономикасы» түркістандық кәсіпкерлерді әлемдік нарыққа жетелейді

Oinet.kz 24-10-2019 867

Түркістанның тыныс-тіршілігі біртіндеп жақсарып келеді. Қазірде қалаға келуші туристер көбейді. Әрине, бұл факт қаланың жеке кәсіпкерлерінің қалтасын қалыңдатары анық. Бұл тұста мемлекет тарапынан да шағын және орта кәсіп иелеріне көрсетілер көмек жоқ емес.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде аталмыш жобаны жүзеге асырудың заң жүзінде тетігі шешіліп, ел қазынасынан 600 млрд. теңге қаржы бөлінді. Әсіресе, «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланған Қызылорда облысында бизнестің бұл түрін дамытуға ерекше маңыз берілді.

Айта кететіні, бүгінгі таңға дейін тиісті жоба аясында Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөліміне 30 шақты жоба жинақталып ұсынылған. Олардың ішінен конкурс шартына сәйкес келетіндері іріктеліп, облыстық кәсіпкерлік басқармасына өткізіледі. Ал, облыстық басқарма құптаған құжаттар Банктерге ұсынылады. Екінші деңгейлік банктер қолдау білдірген жоба іс жүзінде жүзеге асырылатын болады.

Бағдарлама аясында 365 тауар өндіру түріне, оның ішінде, 118 азық-түлікке және халық тұтынатын 247 тауарға жеңілдетілген кредит беріледі. «Агроөнеркәсіп», «азық-түлік өндірісі», «жеңіл өнеркәсіп», «жиһаз және үй тауарлары өндірісі» мен «құрылыс материалдары» саласы – жеңілдетілген несие алуға қолайлы, басым жобалар болып саналады. Кәсіпкерлерді жергілікті жерде қаржылай қолдауға «Халық Банк», «Сбербанк», «АТФбанк», «ForteBank», «Цеснабанк», «Еurasion Bank» филиалдары қатысып, жеңілдетілген несиеге жетуге қолайлы жағдай жасайды. Кредиттер инвестициялық мақсатқа, яғни, жаңа өндіріс көзін ашып, дамытуға немесе жұмыс жасап тұрған кәсіпорынды кеңейтуге бағытталады. 

Бағдарламаға жеке кәсіпкерлік субьектілері, шағын және орта, ірі кәсіппен айналысып жүрген кез-келген тұлға өтінім беру арқылы қатыса алады. Атап айтсақ, кәсіпкер банкке қаржыландыру туралы өтінішпен келуі тиіс. Банк жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігіне сараптама жүргізу арқылы кәсіпкердің конкурсқа қатыса алатынын немесе қатыса алмайтынын жазбаша хабарлайды. Ал, сараптамадан оң нәтиже алған тауар өндірушілер «Даму» АҚ-на арнайы құжаттар тапсырып, жобаны жүзеге асыру шартын орындайды.

Жалпы, қарапайым заттар экономикасы не үшін қажет? Осыған тоқталсақ. Жасыратыны жоқ, тұрмысқа қажетті бұйымдардың көпшілігі шетелден импортталады. Өз өлкемізден қаншама шикізат қоры шыққанымен, дайын өнімге айналдыру деңгейі төмен. Бағдарлама осы мәселелерді шешуде аса қажет.
Бір сөзбен айтқанда, бұл – біріншіден, импорттан келетін түрлі киім-кешек, азық-түлік, құрал-жабдық сынды заттарды өз өңірімізде өндіруге қолдау жасау. Яғни, қаржы капиталы үнемделіп, елдің экономикасының артуына оң ықпал етуді көздейді. Екіншіден, қарапайым заттар экономикасын өңірлерде жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа мамандардың еңбекке тартылуына ықпал етеді.
Жоба негізінен екі бағытты жүзеге асыруды қамтиды. Біріншісі, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруді көздесе, екіншісі – өнеркәсіп саласын дамытуға арналған. Жеңілдетілген несие бойынша, банктер кәсіп иелеріне 7 жылға дейін 15 процентпен несие береді, қайта өңдеу жобасы аясында оның 7 процентін «Даму» қоры субсидиялайды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіру саласының 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады.
Бұл көрсеткіштен аңғаратынымыз, кәсіпкерлер несиені 5-8 проценттік жарнамен өтейді.
Екінші бағыт – құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру. Аталған Жол картасы 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде, құрылыс индустриясын, жеңіл өнеркәсіп пен жиҺаз өнеркәсібін дамыту мен тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша бағдарламалық шарттар жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Демек, бұл бағдарламаны іс жүзінде жүзеге асырып, аудан экономикасының дамуына күш саламын деген кәсіпкер үшін мүмкіндік өте көп. Бар болғаны, таптырмас қолдауды тұрақты табыс көзіне айналдыра білу.

Түркістанда кәсіп ашуға көмектесін қандай бағдарламалар бар?
«Түркістан нұры» қонақ үйі салынбақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу