Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

Oinet.kz 17-01-2024 445

Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейді. Рас, театр – сондай бір мөлдір, сондай бір саф өнер. Театр – мәдениет ошағы. Театр – бетін қалың мұз басқан көлдің бетіне сәуірдің жылтыраған күні түсіп, ерітуге айналған сәтіндей сұлу. 

Screenshot_12.jpg

Бүгінде әр алуан мәдениет пен менталитет араласып кеткен, дін мен дәстүрі былыққан, тілі қоймалжыңданған қоғамнан жан сауғалайтын жалғыз орын театр секілді. Елімізде, әсіресе мегаполистерде театрға баратын қауымның қарасы көбейгендей көрінеді. Оған себеп театр жұмыстарының әлеуметке ұсына алуында болса керек. Жалпы осы бүгінгі театрлардың жай-күй, олардың қойылымдарының қаншалықты мықты екендігі, театрға көпшіліктің қаншалық деңгейде баратыны жөнінде, және көрерменге ұсынар ең үздік деген 3 спектакльді ұсынуын өтініп, жастардан сауалнама алып көрген болатынбыз...

Аружан Яхуда.jpg

Аружан ЯХУДА, ақын:

Маркетингке көңіл бөліп жатыр

Театрға көрерменнің қаншалықты жиі баратынын бұрынғымен салыстыра алмай тұрмын, себебі өзімнің барып жүргеніме биыл 3-4 жыл енді болады. Меніңше, театрға дәстүрлі түрде барып отыру, біраз жыл үзіліп кетіп, қазір қайта көбейіп жатқан секілді.  

Жалпы қазақ тетрларына көңілім толады. Оның басты себебі, олар қазір тек актерлік шеберлікке емес, маркетингке де көңіл бөліп жатыр. Мысалы, бұрын адамдар киноға қалай жаппай барған болса, қазір театрға да солай баратын болған. Сол үрдісті қалыптастыра білді. Қазір қойылып жатқан қойылымдардан қалып кетсең, бірдеңеден қалып кеткен сияқты сезім болады. Сол сезімді сыйлай алатындары үшін театр ұжымдарына ұшан-теңіз алғыс айтамын. 

Өз басым театр сахнасының безендірілуі мен музыкалық сүйемелдеуіне қатты мән беремін. Театрға барсам кәдімгідей демаламын. Миым демалады. Оған музыкалық сүйемелдеулер қатты әсер етеді. Сосын маған актер, актрисалардың сөзсіз көзбен ұғыса алулары ұнайды. 

Көрермен қауымға көруге ұсынатын TOP-3 қойылым:

Астана музыкалық жас көрермендер театрының «Гауһартас», «Шанель» спектакльдері және Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Танакөз» поэтикалық драмасы. 

Жансая Галымжанкызы.jpg

Жансая ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, көрермен:

Билет алатын сайттармен дос болдық

Қазіргі таңда театр өнері жоғары мәдениетті орындардың қатарынан табылып отыр. Оған себеп, пандемияның алдында зал толмайтын. Бәлкім қойылымдары бір сарынды болды ма, белгісіз... Ұзақ уақыттық демалыстан соң көрермен тіптен театрға асығатын болды. Бұрын билет өткізе алмайтын театрға, бүігнде билет тапшы. Аншлагпен өтетін әр қойылымға билеттер бірер сағатта-ақ өтіп кетеді. Осыған қарағанда театр өнерін құрметтейтін, іздеп келетін көрермен саны жоғары болып тұрғаны. Билет алатын сайттармен дос болғанымызды да мойындаймыз..

Қазіргі таңда жас режиссерлер ізденіс үстінде жүретіні байқалады. Режиссерлер арасында шағын конкурстар ұйымдастырылып тұратыны да бар. Ол әрине көрермен үшін тың өзгерістің бастауы. Жаңа жанр, жаңа леп. Қайсы қойылымға барсаң да режиссердің өзіндік бояуын байқайсың. Сұранысқа қарай әркім өзінің қалаған жанрынан қойылымдар таба алады. Әр спектакль соңынан астарлы ой, жаныңа азық аласың.

Менің көңілімнен шыққан, көрерменге ұсынар қойылымдарым:

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Болмаған балалық шақ» (режиссер Ф. Молдағали) және «Жусан исі» спектакльдері. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының «Құйын» драмасы.

Гулнур Муратбай.jpg

Гүлнұр МҰРАТБАЙ, студент:

Революциясыз эволюцияның болмайтыны анық

 Көрерменнің қаншалықты театрға ағылып жүргенін театр кассаларынан немесе Тикетон.кз сайтынан көрсеңіз болады. Мәселен, қаңтар айында болатын қойылымдардың билеті желтоқсан айында-ақ таусылып бітеді. Сәйкесінше бір ай бұрынғы қойылымға зал аншлаг, қанша барғыңыз келсе де бара алмайсыз… Мұндай жағдайлар тым жиі кездесіп жүр қазір. Қуанарлық жайт театр көрерменінің дені – жастар. 

Революциясыз эволюцияның болмайтыны анық. Қазір қазақ театрлары зор ізденіс пен ауыз толтырып айтуға тұрарлық даму үстінде. Оның бірден бір себебі сұраныстың, көрерменнің жыл сайын еселеп артқаны. Қазіргі театр көрерменінің талғамы биік. Тіпті сыни көзқарастарын әртіске жеке келіп айта алатындай еркіндігі бар деуге болады. Қойылымдарға келсек, әрине!

Театрға жиі баратын болғандықтан көрерменге 3 үздік қойылымды ұсыну қиынға соғады екен.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Ұйқым келмейді» драмасын, Астана қаласы әкімдігі Жастар театрының «Асауға-тұсау» комедиясын, ŞAM театрының №37 спектаклін ұсынған болар едім. 

Мынжасар Атшыбаев.jpg

Мыңжасар АТШЫБАЕВ, студент:

Интернеттің пайдасы тиіп жатқан секілді

Қазіргі таңда театрдың көрермендері өте көп. Үнемі аншлаг болып өтетін жағдайға жеткен. Тіпті кейбір қойылымдарға билет алып үлгермей жүрмін әлі. Оған интернеттің пайдасы тиіп жатқан секілді. Себебі ТикТок, Инстаграм желісінде қойылымдардың үзінділері салынған бейнежазбалар көп адамның көңілінен шығып, театрға келуге ықпал етуде. Жалпы өзім айына театрға барып тұрамын. Өзім бармаған, жаңа қойылымдарға баруға тырысамын.

Қазіргі қойылымдарға көңілім толады. Актёрларды ойнау шеберлігі жоғары деңгейге көтеріліп келеді 

Менің жақсы көретін, көрерменге ұсынар қойылымдарым: 

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Махаббат қызық мол жылдар» драмасы, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының «Қоштасқым келмейді» драмасы, Астана музыкалық жас көрермендер театрының «Шәмші» қойылымдарын ұсынамын. 

Шугыла Ермахан.jpg

Шұғыла ЕРМАХАН, оқушы:

Спектакльдерге билетті 1-2 ай бұрын алып қоюға тура келеді

Қазіргі таңда шымкенттік жас тұрғындар мәдениетке қызығып, өмірлерін өнермен байланыстырғанды жөн санайтын секілді. Себебі қазіргі таңда қойылып жатқан спектакльдерге билетті тіпті 1-2 ай бұрын алып қоюға тура келеді. Әр спектакль өзінше сұранысқа ие және жиі аншлаг.

Осы аншлагтар сценарийлер мен әртістердің шеберлік деңгейлерінің көрінісі деп ойлаймын.

Мен көрерменге:

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Жәмиласын», Астана музыкалық жас көрермендер театрының «Гауһартасын», Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Махаббат формуласын» көруді ұсынамын. 

Сауалнама жүргізген Сезім МЕРГЕНБАЙ

«Дәстүр» фильмінің философиясы дінге негізделген бе?
Бір-бірімізді өлтірмейікші - «Қара жәшік» сериалының төркіні қайда жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу