Түркістанда «BilimLand.kz» цифрлық білім беру платформасы қосылуы мүмкін
2022-2023 оқу жылында Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдары «BilimLand.kz» цифрлық білім беру платформасына қосылуы мүмкін. Білім сапасын арттыруға бағытталған оқушылар мен мұғалімдерге арналған жүйеге 100% тегін қосылмақ. Цифрлық білім беру платформасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға таныстырылды.
«Жаңа жүйе енгізілген жағдайда «Bilim Land» жұмысын мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырады. Ол арқылы 37 пән бойынша 25 мыңға жуық сабақтар, 3 мыңнан аса интерактивті сабақтар, мыңнан аса ғылыми фильмдер және 70 мыңнан аса ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларынан тұратын білім беру ресурстарын оқу процесінде қолдануға болады. Платформада мектеп пен мұғалімдердің рейтингі шығарылады. Бұл жүйе баланың зейіні мен бейімін шыңдап, ұстаздардың біліктілігін арттыратын қосымша құралға айналады», – дейді «Bilim Land» ЖШС-нің басшылығы.
Облыс әкіміне білім мекемелеріне енгізілетін бухгалтерия бағдарламасы да таныстырылды. Пилоттық жоба Астана қаласы мен Павлодар облысында енгізілген. Жаңа жүйені енгізудегі мақсат – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды.
Білімнің сапасын көтерудің аса маңыздылығын айтқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа жобаларды толық зерттеп, зерделеуді тапсырды. Өңірдегі интернетке қолжетімділікті күшейтудің қажеттілігін айтты.
– Білім сапасын көтеру – ең үлкен мақсатымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіруде мұғалімнің рөлі зор. Біліктілікті арттыру арқылы білім сапасын көтеруге болады. Біздің облыста бала саны да, мектеп саны да көп. Сіздердің мақсаттарыңыз түсінікті. Бірақ бұл жобаларды егжей-тегжейлі зерттеу керек. Нақты шешімді содан кейін ғана қабылдауға болады, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысында 900-ден астам мектеп бар. Онда 500 мыңнан астам бала білім алады.
Bilim Media Group – Қазақстандағы электронды оқыту нарығын дамытушы инновациялық компания. 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымның мақсаты — сапалы білімді баршаға қолжетімді ету.