Жетісайда Сабырхан Асановтың 85 жылдығы аталып өтті
Жер жәннаты Жетісайда бірқатар мәдени-рухани, сонымен қатар әдеби шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, 27 қазан күні Асықата аймақтық филиал кітапханасының оқу залында өткен «Ақ жарқын азамат ақын» атты тақырыпта поэзиялық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылған деуге болады.
Бұған осы кешке қатысқан көпшілік оқырман пікірі дәлел бола алады. Жергілікті ақын Сабырхан Асановтың туғанына 85 жыл толуына арналған кешті кітапханашы Жүсіпова Гүлмира жүргізді. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты дарынды тұлға Сабырхан Асановтың өмірі және жұрт көңілінен шыққан көркем шығармаларын көпшілікке кеңінен таныстыру, туған ел, атамекен туралы көп толғанатын ақынның жан дүниесін оқырман қауымға насихаттау болып саналады.
Сабырхан Асанов 1937 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданындағы Иіркөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармашылық қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров аудандық «Кировшылар үні» газетінің жауапты хатшысы болып бастайды. Көп жылдар бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті мен «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сонымен қатар біраз жыл Қазақстан Жазушылар одағының әкімшілігінде жұмыс істейді. Алғашқы өлеңдері облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, «Жырға сапар», «Жас дәурен», «Бір тұтас семья сезімі» атты ұжымдық жинақтарда жарияланды. Отыз жыл көлемінде оқырмандарына он шақты жыр жинағын ұсынды. А.Байрон, Тоқтағұл, Я.Купала, Ф.Файз, Данилов, Р.Ғамзатов, И.Абашидзе, Е.Евтушенко сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Ақынның өлеңдері шетел тілдеріне аударылған. «Тұңғыш кітап»), «Алматым – менің жас шағым», «Шолпан», «Ақбота», «Қоштасқым келмейді», «Бақытымды жырлаймын», «Сағындырған көктем», «Сағынамын», «Көктемнің шуақты күндері», «Елу көктем» атты кітаптары жарық көрген. Осындай қаламынан қарымды мақала мен өміршең өлең туған тұлға мәңі ел жадында сақталмақ.