Биыл Сарыағаш ауданының 7 елдімекеніне табиғи газ берілді
Сарыағаш Түркістан облысының халқы тығыз орналасқан ауданына жатады. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев 9 айдың қорытындысы бойынша брифинг өтті.
Мұхит Баймұханбетұлының мәлімдеуінше, ауданда электр қуатымен қамту көрсеткіші 98,6%-ға жетіп отыр. Бүгінде Көктерек кенті, Дарбаза, Ердәуіт, 51-разъезд, Жылысу, Дархан және Келес елдімекендерін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл 7 елдімекенге, яғни Жаңаталап, Алғабас, Ақ үй, Дастан, Құркелес, Дарбаза, Шымырбай елдімекендеріне табиғи газ беріліп, жалпы қамту көрсеткіші 76,5%-ға жетті. Ал ауызсумен қамту көрсеткіші 64,1%-ға жеткен.
– Аудан тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында жұмыстар жоспарға сай іске асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ауданда перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Қазіргі таңда 8 гектар жер белгіленді. Мұнда аудан тұрғындарына ғана емес, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара ауданында тұратын азаматтарға да қызмет көрсетіледі, - деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Спикердің сөзінше, 3 елдімекенде, яғни Жаңа тұрмыс, Жонарық, Қарақалпақ елдімекендерінде емдеу нысанын салуға ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда Құлтума елдімекенінен медициналық пункті желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандағы жалпы 96 көшенің 112 шақырымына орташа (74 көше 69 шқ) және ағымдағы жөндеу (22 көше 43 шқ) жұмыстары жүргізілуде.
Толықтыра кетейік, биыл желтоқсан айында ауданда 3 мектеп пайдалануға берілмек. Жалпы, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында ауданда 11 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.