Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға
Түркістан қаласы бүгінде мәдени және рухани шаралардың мекеніне айналған. Қазақ халқының болашағына қызмет еткен тұлғаларды дәріптеу мақсатында да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатады.
«Ұлы дала елі» орталығының филиалы Нұртас Оңдасынов музейі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 118 жыл толуына орай «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты еске алу кешін өткізді. Шара барысында мектеп оқушылары өз өнерлерін паш етіп, ән мен күй арнады. Ұлы тұлғаның қалтқысыз қызметін ашып көрсету мақсатында өнерпаздар көрініс қойып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Еске алу кешін музей меңгерушісі Ұлбосын Әзіретбергенова қорытындылап, өнерлі оқушыларды марапаттады.
Сонымен қатар Нұртас Оңдасыновтың туғанына 118 жыл толуына арналған шара туған ауылы, Түркістан облысы, Кентау ауданы, Нұртас ауылында жалғасты. Мұнда «Нұртас ата – Нұр ата» әнінің тұсау кесері өтті. Шара барысында Нұртас Оңдасынов музей ұжымы Нұртас ауылындағы мектепке көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрмеге жеке пайдаланған заттары мен қолжазбалары, кітаптары, фото суреттері қойылды. Көрмені Алматы, Шымкент қалаларынан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары тамашалады.
Еліміздің тарихында өшпестей із қалдырған Нұртас Дәндібайұлы көптеген игі істердің басы-қасында болып, сонау қиын заманда ұлт мүддесі үшін батыл қадамдарға бара алған ұлы тұлға. Қандай жоғары лауазымды қызметте жүрсе де ел тәуелсіздігін, халықтың өз байлығын өзі игеру ісін, ұмытылуға айналған ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді қайта тірілту мәселелерін бәрінен де жоғары қойды. Ұлы Отан соғысы мен онан кейінгі ең ауыр жылдарда Қазақстан Үкіметін басқарды. Ол Ғылым Академиясының дербес шаңырақ көтеруіне, бірнеше жоғарғы оқу орнының құрылуына ұйытқы болған.
Нұртас Дәндібайұлы еліміздегі ірі құрылыстардың – Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдарының, бірнеше қаладағы ірі зауыттардың, Мойынты-Шу темір жолының салынуына тікелей басшылық еткен тұлға. Оның «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деген сөзі әлі күнге ел жадында.