Түркістанда шетел әншілері қазақ тілінде ән салды
Түркістан төрінде Түркістан облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен халықаралық «Voice of turan» қазақ әндері байқауы өтті. Екі күні бойы әлем елдерінен келген қатысушылар қазақ әндерін шырқап, өз өнерлерін ортаға салды.
Ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, сонымен қатар еліміздің танымал жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Киелі Түркістанда Тұран үнін асқақтататын халықаралық байқау өтіп жатыр. Біріншіден ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының атынан шын жүректен фестивальдің ашылуымен құттықтаймын және барлық қатысушыға сәттілік тілеймін! Түркістан түркі дүниесінің, түркі мәдениетінің рухани ордасы. Бүгінгі фестиваль Ұлы даланың, ата-бабаларымыздың қанында бар ән-жырдың мерекесі. Осынау мерекеде Қазақ елінің Түркістан сахнасында шетел әншілері де ән салады. Сондықтан бүгінгі кеш баршамызға зор демалыс сыйлайды деп сенемін, – деді Сұлтан Раев.
Ұлы Тұран даласын әнмен тербеген Халықаралық байқаудың бірінші күні шартараптан келген қатысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Екінші күні қатысушылар алдымен Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірге орындады. Содан соң байқау талабы бойынша қазақтың танымал әндерін орындап, қазылар алқасының бағасын алды. Әділ қазылар құрамында композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов (қазылар алқасы төрағасы), әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның, Татарстанның Халық әртісі «Құрмет» орденінің иегері Нұржамал Үсенбаева, әнші, композитор, продюсер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ән байқауларының жүлдегері Медеу Арынбаев, әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, Халықаралық ән байқауларының жүлдегері Жанар Дұғалова, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, Айгүл Қосанова, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Бекжігіт Сердәлі бар.
Қазылар алқасы шешімімен Грузия елінен келген Татия Кобаладзе Гран-при иегері атанды. Ал 1-орын Татарстаннан Ильгиз Шайхразиевқа бұйырды. Жүлделі 2-орынды Сербия елінен Стефан Здравкович пен Польша әншісі Михал Качмарек иеленді. Ал 3-орын иегері Черногориядан Катарина Богичевич, Болгария мемлекетінен Христиана Данкова, Өзбекстан Республикасынан Навруза Махамаджанова атанды. Түркиядан Сонгул Екан, Беларусь елінің қатысушысы Егор Шаранков және Қарашай-Шеркессиядан Мариана Алботова халықаралық байқау дипломанты атанды. Үздік оранжировка үшін Грузия елінен келген Татия Кобаладзе мен Польша әншісі Михал Качмарек марапатталды. Барлық жеңімпазға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар, ал Гран-при иегеріне арнайы статуэтка табысталды.
Айта кетейік, бұған дейін аталмыш байқау 2 рет онлайн түрде өткен болатын. Биыл ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай арнайы оффлайн түрде өткен болатын. 2020 жылы Молдова республикасынан Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Жобаның бас продюссері – Мейіржан Алиакбаров. Халықаралық ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті байқаудың жабылу салтанатында ән шырқады. Бүгінде олар қазақ әндерін насихаттауда зор үлес қосып жүр.