Түркістанда түсірілген жаңа фильм көрерменге жол тартты

Oinet.kz 13-11-2022 333

af6969dc7e3404dbae58f1b69cccc1c0.jpg

Бүгін облыс орталығында Түркістан облысы мәдениет басқармасы «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» орталығында қазақтың дәулескер күйші қызы Дина Нұрпейісованың шығармашылық жолы мен өміріне негізделген тарихи туындының шығармашылық тобымен кездесу өтті. Аталмыш шараға аталған фильмнің режиссері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, аниматор Батырхан Дәуренбеков және сценарий авторы, драматург, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жұмат Шанин атындағы драмалық театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, сонымен қатар басты рөлдерді сомдаған актерлік құрам мен мәдениет майталмандары және киелі қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиынды Түркістан облысының құрметті азаматы, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы ашып берді. Ол өз сөзінде «Қазақтың басқа ұлттан айырмашылығы күйі мен айтысында. Оның жүрегіндегі дірілінде, ұлтшылдығында, рухының биіктігінде. Қазақ өнерінің көркем туындысы күйді дәріптеп, жастарға үлгі ету борышымыз. Бұл тарихи драмалық туынды күй өнерінің қаншалықты нәзік, өміршең құбылыс екендігін көрсетіп отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап төл өнерімізді, ұлтымыздың асыл қазыналарын көптеп насихаттап, үлгі етіп келеміз. Дина Нұрпейісованың әрбір шығармашылығында еліміздің мұңы мен қуанышы бар. Өзіндік орны бар туындылары маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттала берсін» деген ниетін білдірді.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы сөз кезегінде «Құрманғазының тәлімін алып, қазақ күй өнерінің символына айналған Дина Нұрпейісованың бейнесі осы туынды арқылы қазақ көрермендеріне тағы да жақындай түсті деп айта аламыз. Өңіріміздегі кино, анимация саласын дамытуға күш салып келе жатқан дарынды режиссер Батырхан Қалдарбекұлының бұл туындысы ұлт руханиятына қосқан зор үлес деп бағалаймыз», – деді. Сондай-ақ тарихи туындының шығармашылық тобына табысты еңбек тілей отырып, басқарма басшысының атынан алғыс хат табыстады.

Кеште жиынға арнайы келген қонақтарға көрермен тарапынан сұрақтар қойылып, шағын сұхбат өткізілді. Одан соң рухани кеш тарихи фильмді тамашалауға жалғасты.

Айта кетейік, «Дина. Күй құдірет» атты екі бөлімді тарихи драмасын  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша жергілікті «САҚ» киностудиясы түсірген. Телехикаяның сюжет желісіне күйшінің кішкентай кезінен домбыраға құштарлығы, дала сарынынан әуен іздеуі, күй атасы Құрманғазыдан тәлім алуы арқау болды. Сондай-ақ, тарихи туындыда сол кезеңдегі әйел тағдырының қыр-сыры, қоғамдағы жауапкершілігі тереңінен бейнеленген. Фильмде кішкентай Динаны Айша Жайсанбай, бойжеткен Динаны Ақниет Ералиева, Динаның анасы Жаниханы Мөлдір Зияева, әкесін Талғат Келімбетов, жолдасын Нұрбақыт Байысбек сомдап шықты. Түсірілім жұмыстары Түркістан облысы Отырар, Бәйдібек аудандарында өткен. Тарихи фильм қазан айының 22-нен бастап «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында көрсетілген болатын.


Халықаралық сарапшылар Түркістанда бас қосты
Түлкібаста «Алпысбайдың – алпыс әзілі» өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу