Халықаралық сарапшылар Түркістанда бас қосты
Түркі әлемінің бесігі Түркістан қаласында 26-28 қазан күндері әлемнің 20 елінен ғылым саласында еңбек етіп жүрген 60 сарапшы, 400-ден астам делегат бас қосты. Үш күнге созылған «Ескерткіштерді қорғайтын халық» құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық жиында ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектілерін басқару, сақтау және қалпына келтіру, туризм маркетингі және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен еңбектерінің түркі халықтары үшін рөлі мәселелері талқыланды.
Халықаралық жиынның ашылу салтанатында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Магнус Магнуссон, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Болат Тілепов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры, профессор Махмуд Эрол Кылыч, Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти және басқа да сарапшылар қатысты. Шара модераторы – Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Түркістан облысының әкімі өз кезегінде 2018 жылы Түркістан облыс орталығы атанып, қаланың екінші тынысы ашылғанын, қалада көптеген тарихи, мәдени нысандар бой көтеріп, тек қала тұрғындарына ғана емес, туристеріне де қызмет көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.
– Бүгінгі жиын ескерткіштерді зерттеу саласындағы көптеген кемшіліктерді жоюға және халықаралық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Біз үшін әрбір ғалымның, тарихшының пікірі маңызды. Туризм саласын дамытуда бүгінгі жиынның да маңызы зор деп есептеймін. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың бастамаларына әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл кездесу нақты ұсыныстарды әзірлеу үшін тиімді платформа болып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жаңа серпін береді деп үміттенемін, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Ал Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти «Менің бұл іс-шараға келуіме үш себеп бар. Алғашқысы Италия Қазақстанмен бірге өсіп, дамығысы келеді. Өйткені Қазақстан өте қарқынды дамып келе жатқан және мәдени мұраны сақтап келе жатқан дамушы мемлекет. Ал, екінші себеп, Италия экономикасына туризмнен 93 миллиард еуро пайда түсіп отыр, оның бестен бірі мәдени туризм саласынан. Үшінші себеп «Италияда жасалған» деген түсінік тек әдемі киім үлгілері немесе қымбат көлік емес, бұл креативті өндіріс деуге болады. Италияның ірі компаниялары Түркістанда жұмыс істеуге дайын. Солардың бірі «ARM WIND» компаниясы», - деді.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы бұл шараның кез келген ұлттың өткені мен бүгіні және болашағы үшін аса маңызды екенін, Түркістан қаласында өтуінің өзі символикалық мәнге ие екенін атап өтті.
– Себебі қасиетті шаһар Түркі әлемінің рухани астанасы және түркі халықтары мәдениетінің жүрегі саналады. Туризм Қазақстан экономикасының маңызды саласы. Қазақстанның әрбір аймағы туризм ошағы болып саналады. Түркістан қаласынан бөлек, осы облыста Сауран, Бәйдібек, Түлкібас, Сайрам секілді жерлер де киелі әрі туристік орындар деуге әбден болады, – деген Сұлтан Раев жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан соң бірқатар меморандумға қол қойылды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы мен Шығыс Азияның Турин археология мен археологиялық қазбалар орталығы, сонымен қатар Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен Орта Азиялық халықаралық зерттеу институты, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы арасында меморандумға салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті. Тараптардың айтуынша, бұл меморандум өзара ынтымақтастық пен байланысты нығайтуға зор ықпал етеді.
Халықаралық конференция аясында БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Магнус Магнуссон, Лондон университетінің докторы, профессор Она Вилейкис, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры, профессор Махмуд Эрол Кылыч, профессор Джеймс Рип сынды спикерлермен халықаралық және республикалық журналистер сауалына жауап берді.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры
Жанар Темірбекова пікірімен бөлісті.
– Бұл конференция біздің қала үшін көптен күткен шара. «Ескерткіштерді қорғайтын халық» деп аталуы да бекер емес. Яғни ескерткіш дегеніміз Түркістандағы біздің ең мағынасы да, маңызы да терең Ясауи бабамыздың кесенесі. Халықаралық сарапшылар бас қосқан шарада кесенеге қатысты көптеген мәселелер қолға алынбақ. Киелі қаланың Түркі әлемінің бесігі статусын алуға бірден бір себепкер – Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның рухани мирасы. Ясауи ілімі түркі халықтарына қандай өзгерістер алып келді, жалпы қала мәдениетінде қандай өзгерістер болды? Міне, бұл бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болмақ. Қожа Ахмет Ясауи мың жыл бұрын өмір сүрсе де, әлі де оның идеялары, оның айтқан мәселелері өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда бабамыздың құрметіне салынған кесене лайықты орнын алу үшін ғалымдар бас қосып отыр. Ясауи мұрасын зерделейтін, мавзолейлерді зерттейтін, археология, соның ішінде урбанистика, жалпы сенімді туризм арқылы Түркістан қаласының туризм саласын дамытамыз. Міне, осындай ауқымды, жан-жақты қамтылған конференция керек-ақ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның матеариалдық мұрасы тізіміне енді. Осы тізімге енген барлық тарихи ескерткішке қатысты түрлі конференция мен ғылыми жиындар болып тұрады. Ол жердегі ескерткіштің қазіргі типі, қандай мәселе зерттелді немесе әлі зерттелмеді, сол жиында қаралады. Түркістан қаласы ұлы ұстаз Ясауи есімімен қатар аталғандықтан, осындай конференция жыл сайын жалғасын тауып, ол «Ясауи аптасы» деп аталса нұр үстіне нұр болмақ. Себебі бұл қаланың әрі қарай да көркеюіне және туристік әлеуетінің артуына септігін тигізеді деп сенемін, – дейді Жанар Амангелдіқызы.
Айта кетейік, халықаралық жиынды Түркістан облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің, халықаралық серіктес ұйымдардың (ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросы, МИЦАИ, IRCICA), университеттердің (Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті) және «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының жан-жақты қолдауларымен ұйымдастырған.
Түркістанның рухани және сәулеттік мұрасы діни және қажылық туризм ағымдарын қалыптастырудың негізі болып табылады. Туристік кластерді және онымен байланысты мұра объектілерін басқарудың күрделілігі туризмнің дамуын жалғастыруға, сонымен бірге тәуекел аймақтарын белгілеуге және олардың әсерін азайтуға мүмкіндік беретін негізгі нормаларды әзірлеу қажеттілігіне әкелді. Осыған байланысты, Халықаралық бастаманың маңызды құрамдас бөлігі «Киелі маңызы бар объектілерде тұрақты туризмді дамыту» Түркістан Декларациясын қабылдау болып табылады.
Үш күнге созылған «Ескерткіштерді қорғайтын халық» құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық жиында ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасап, тәжірибе алмасты. Аталмыш конференцияда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов конфренцияның үш ерекшелігіне тоқталды.
– Халықаралық конференцияның басты жаңалығы – «Түркістан» декларациясына қол қою. 20 елден келген 60 ғалым, ЮНЕСКО-ның ТҮРКСОЙ-дың өкілдері және де басқа мемлекеттің елшілері Түркістанның әдемілігін, түркі әлемі рухани астанасының маңыздылығын түсініп, көріп, одан кейін өз елдеріне барып, бізге туристерді шақыратын болады. Бұл конференциядан ұтарымыз көп.
Кесененің маңыздылығын, көркем сәулетін Қожа Ахмет Ясауисіз аша алмаймыз. Неге десеңіз, ол – ұлы ғұлама! Қазаққа не сопыларға ғана емес, жалпы әлемге ортақ әрі маңызы зор тұлға. Ясауиді біз терең зерттеп, оқып, жастарға насихаттауымыз керек. Қазақстанда Ясауитану ғылымы әлі де кең ауқымда таралған жоқ. Ясауи тұлғасының тарихын және маңыздылығын шетелдік ғалымдар жиі зерттейді. Сол бағытты пен тәжірбиені қолдана отырып, жалпы Қазақстанда, әсіресе жастар арасында, керек десеңіз мектептерде кеңінен насихаттау керек деп ойлаймын.
Кесене аймағында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына қатысты соңғы кездері түрлі пікір туындап жатыр. Кесене іргетасы ылғал тартып, тұздалу қаупіне қатысты мәселелер бойынша Аида Балаевамен үлкен кеңес өтті. Ол жиынға жан-жақтан ғалымдар, атап айтар болсақ, инситут ғалымдары, құрылыс саласының мамандары бас қосып, зерттей отырып, халықаралық эксперттер өз бағасын берді. «Кесене маңында жүргізілген көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары мавзолейге ешқандай кері әсерін тигізбейді» деп тұжырымдама шығарды. Соған қарамастан біз әлі де кесенені зерттеуді тоқтатпаймыз. Осы салада тәжірибесі мол Иран, одан қалса Еуропа елдерінің ғалымдарын елге шақыртып, кесененің құпиясын аша түсуіміз қажет, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
PCU Panathlon бас хатшысы, Халықаралық жастар инситутының президенті Анисет Габриэль Кочофа «Мұнда келе сала байқағаным, қазақстандықтар, соның ішінде Түркістан қаласының тұрғындары өз тарихын, өз мәдениетін терең танығысы келеді. Бұл дегеніміз туризмнің жетістігіне кепіл бола алады. Қазақстанда туризмді дамытуға барлық жағдай жасалған. Алайда бұл жастардың қатысуынсыз жүзеге аспайды. Оларды да осындай шараға тартуымыз қажет. Қазақстанда тұрғындардың 60 пайызы 25 жасқа дейінгі жастар екен. Жастар біздің перспективамыз, біздің бүгінгі уақытымыз бен болашағымыздың кепілі. Сондықтан жастар арасында әлеуметтік желілер арқылы насихаттасақ, олар өз қаласының артықшылықтары туралы әлемнің кез келген жерінде айтып жүреді», - дейді.
Беларусь мемлекеттік педогогикалық университеті профессоры Ирина Шеститко «Барлық халықаралық конференциялардың түпкі мақсаты - таныстықты арттыру, өзара қарым-қатынас орнату, тәжірибе арттыру. Бұл жиында біздің университет пен Халықаралық туризм және меймандостық университеті арасында меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық меморандумы екі ел арасындағы туризм маршрутын кеңейтуге, қазақстандық және беларустық мәдени-туристік орындар бойынша тарихымызды кеңінен насихаттауға, өзара туристер тартуға ықпал етпек», - дейді.
– Бүгінгі конференция дәл уақытында өтіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені Қ.А.Ясауи кесенесі – Түркістанның тарихын, халықаралық және рухани туризмді дамытуда. Сонымен қатар, діни құндылықтарды арттырып отыр. Аталмыш конференция Орта Азиядағы киелі орындарды дамытып қана қоймай, әлемге кеңінен танытуға көмектеседі. Мұның экономикалық және рухани пайдасы бар. ЮНЕСКО Түркістан қаласының заманауи дамуына өте қатты көңіл аударуда. Қасиетті шаһардың қазіргідей түрленгені қуантады. Мұнда кесене айналасы абаттандырылып, қауіпсіздіктің күшейген. Бұл тарихи нысан үшін де пайдалы. Алайда киелі орынның айналасына зәулім ғимараттар салып, кесененің тасада қалып кетпеуін қадағалауымыз қажет. Өйткені, кесене бұрыннан-ақ Түркістандағы ең биік және ең маңызды ғимарат болып саналатын. Біздің ендігі мақсатымыз – осы қалпын сақтап қалу, – дейді Джордже университетінің оқытушы профессоры Джеймс Рип.
Еске сала кетейік, Түркі әлемінің бесігі Түркістан қаласында 26-28 қазан күндері әлемнің 20 елінен ғылым саласында еңбек етіп жүрген 60 сарапшы, 400-ден астам делегат бас қосты. Үш күнге созылған «Ескерткіштерді қорғайтын халық» құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық жиында ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектілерін басқару, сақтау және қалпына келтіру, туризм маркетингі және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен еңбектерінің түркі халықтары үшін рөлі мәселелері талқыланды.
Алдын ала белгіленген бағдарлама кестесіне сәйкес, «Тарихи қалалық ландшафттар: туризмді дамыту және нысандарды сақтау» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Екі күнде сарапшылардың қатысуымен «Киелі нысандар мен қажылық маршруттарындағы туризмді дамыту ерекшеліктері», «Орталық Азиядағы киелі орындардың тарихы», «Мәдени мұра объектілерін басқару», «Киелі нысандардағы туризмді ілгерілету және маркетинг: үздік тәжірибелер мен ұсыныстар», «Киелі туризм саласындағы білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығы», «Түркі халықтарының мәдениетіндегі рухани қабаттар», «Киелі мұра объектілерін сақтау, қалпына келтіру, құжаттаманы жүргізу», «Ортағасырлық қолжазбаларды зерттеу» тақырыбында сессиялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қатысушылар басқару бойынша «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны үшін жоспар менеджментін әзірлеу (менеджмент жоспарын әзірлеуде HUL тәсілдерін қолданудың)» практикалық семинарына қатысып, тәжірибе алмасты.
Шара аясында облыс әкімінің атынан арнайы кеш ұйымдастырылып, алыс-жақын шетелден келген қонақтарға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда өңіріміздің күміс көмей әншілері ұлттық әнімізді орындаса, мың бұралған бишілер өз өнерімен көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ қаланың киелі және көрікті орындарына экскурсия ұйымдастырылды.