Түркістандықтар Шәмші әндерін шарықтатты
Қазақ ән қоржына өміршең әндер қалдырып, кейінге мұра еткен ұлы композитор Шәмшіні бүгінгі тыңдарман ұмытқан жоқ. Алматы қаласындағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының авторы, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндерін насихаттау мақсатында жанды дауыста «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты концерті ел аузында ұзақ айтылып жүр.
Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы ұйымдастырған кеш шымылдығы Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған Шәмшінің «Отырардағы той» әнімен ашылды. Концерт барысында филармония әншілерімен қатар, кеш қонақтары Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Сәбира Әбдірайымова, Талғат Күзембаев, Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаевалар өнер көрсетті.
Өнер кешінде қазақ вальсі королінің халық жүрегінен орын алған 23 шығармасы оркестрдің және вокальды инструментальды ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалды. Сонымен қатар, қалың көпшілікке туындылардың шығу тарихы таныстырылды. Дарынды композитор қоржынында 300-ге тарта ән бар. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері филармония әншілерінің орындауында жаңаша сипат алды.
Сондай-ақ, концерт залының фойесінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Шәмші атамызға арналған көрме әзірледі. Ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған Шәмші Қалдаяқовтың өміршең әндерін дәріптеу мақсатында өткен концерт Шәмші әндеріне сусап келген тыңдарманның көңіліне керемет сезім сыйлап, көпшіліктің оң бағасын алды.
Шәмші Қалдаяқов – Қазақстанның халық артісі, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі.
Шәмші ағамыз Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келген. Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білді. 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. 1956-1962 жылдары аралығында Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великанов класында оқыды. Оның әндері республикамыздың қай өңірі болмасын жиі айтылып, ән сүйер қауым арасына барынша кең тараған. Ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айырықша із қалдырған Ш.Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше, 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде халық арасында кең тараған 300-ге жуық әндер жазды. «Мойынқұмда ауылым», «Дүнген қызы», «Фосфорлы Жамбыл» секілді атақты әндері төрткүл дүниеге тарады. Танымал әндер жазудағы табысы үшін композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді. Ш.Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні болып бекітілді. Шәмші мұралары өскелең ұрпақпен бірге ғасырдан ғасырларға жалғаса бермек...