Батыр баба рухына арнап бюст қойылды
1 қыркүйек - Білім күні қарсаңында Мақтаарал ауданы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылында Кеңес Одағының батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды. Еңселі ескерткішті тұрғызуға ауылдың тұрғыны, ардагер Сейдулла Молдабеков бастама көтерген. Елбасы Нұрсұлтан Назабарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында туған жерге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсетілуі керектігін, әрбір өскелең ұрпақ туған жерінің танымал азаматтарын біліп өскенін, соларға еліктеп туған жердің түлеуіне өз үлестерін қосу керектігін айтқан болатын.
Осы орайда әс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпай кейінгі буынға үлгі тұту мақсатында осындай ескерткіштердің ауданымызда көптеп бой көтеруі маңызды екенін атап өтті.
"Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі бүгінгі ұрпақтың санасында нағыз Отансүйгіштіктің үлгісі болып қала бермек. Міне, бүгін Кеңес Одағының батыры, соғыс ардагері Жолдыбай Нұрлыбаевтың ескерткіш-бьюстінің ашылу салтанатына жиылып отырмыз. Еңселі ескерткіш көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, жарқын қуаныштар әкелсін!" - деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, Ж.Нұрлыбаев 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 5-Армияға қарасты 507-танкіге қарсы армиялық истребитель артиллериясының Кишинев полкі құрамында батарея командирі болып, Сталинград, Оңтүстік, 3 және 4-Украин, 1-Белорус майдандарында ұрысқа қатысып, Лукац-Крейц қаласының іргесінде болған кескілескен шайқаста асқан ерлікпен қаза тапқан.
Батыр Ленин, Қызыл Ту, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған.