Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мақтааралдың жай-күйімен танысты
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында туған жерге көңіл бөлу керектігін, әсіресе шалғай ауылдарды ұмыт қалдырмау керектігін айтқан болатын. Әрбір азамат өзінің туған жеріне мейлінше дамытуға үлесін қосқаны абзал.
Осы орайда Парламент мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.
Ең алдымен халық қалаулысы Достық ауылдық округінде орналасқан "Светлана" шаруа қожалығына тиесілі мақта алқабында болып, ауыл шаруашылығына бейімделген аудандағы шаруалардың өзекті мәселелеріне құлақ түрді. Жалпы Тұрсынбай Бердалиевке тиесілі шаруа қожалықтың еншісінде 77 гектар жер бар. Оның 47 гектарына мақта, 21 гектарына қауын, 4 гектарына жоңышқа және т.б. дақылдар еккен.
Елнұр Сабыржанұлы Мырзакент кентінде болып, мұндағы жаңадан бой көтерген "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалының ғимараты, жаңа кітапхана мен "Жастар" гүлзарын аралап шықты. Аудан орталығы статусына ие болған 3 жылдың ішіндегі Мырзакенттегі оңды өзгерістерге көз жеткізді. Сонымен қатар, былтырғы су тасқыны жағдайынан зардап шеккен тұрғындар қоныстанған жаңа мөлтек ауданға барып, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.
Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, газ бен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Көшелерінің барлығы да асфальттеніп, аяқжолдар салынып, жарықшамдар орнатылған. Балалардың ойын алаңшалары құрылып, ағаштар отырғызылған. Желілік саябақ пен гүл бақтары шағын ауданның көркіне көрік қосып тұр. Дәрігерлік амбулатория мен полиция пунктінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, елордамыз Нұрсұлтан күні қарсаңында 280 орындық балабақша ел игілігіне берілді. Республика көлемінде баламасы жоқ 1200 орындық мектептің құрылысы да аяқталуға шақ қалған.
Мәжіліс депутаты мектеп пен балабақшаның ішін арнайы аралап көріп, құрылыс сапасына жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, мөлтек аудандағы ардагерлер мен көпбалалы аналардың үйлеріне қонақ боп барып, тұрғындардың төтенше жағдайдан кейінгі өмір сүру ахуалынан хабар алды.