42 жылқы иелеріне қайтарылды
Былтырдан бері Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандық полиция бөлімдеріне 23 адам арызданған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз тұлғалар қора-жайларынан, жайылымдардан 20 ірі қара мен 58 атты қолды еткен. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 40 миллион теңгеге жуықтайды.
Бір-біріне ұқсас мал ұрлығының көптігіне байланысты Криминалдық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімдерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Арнайы топ жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауылдықтардан сұрастырып, мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды мұқият тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер екі бірдей қылмыстық топтың ізіне түсті. Оларды қыркүйек айының басында Сарыағаш, Төлеби аудандарыда және Шымкент қаласындағы тұрғылықты мекен-жайларында қолға түсірді.
Белгілі болғандай, 5 адамнан құрылған қылмыстық топтың бірі ұрланған малдарды жүк көлігіне артып, әкетіп отырған. Ал, екінші қылмыстық топ өздерінің арнайы қора-жайларын жасырып ұстап отырған. Бүгінгі таңда 8 күдікті қамауға алынды. Олар Түркістан, Шымкент қалаларының тұрғындары. Күдіктінің 5-еуі бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап сотты болғандар. Сондай-ақ ұрланған малдарды сатып алып отырған 4 тұлға ұсталды.
Күдіктілерден табылған 42 ат тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.