Дәрі-дәрмектерді қымбаттатып сатып заң бұзғандар жазасыз қалмайды

Oinet.kz 25-07-2020 718

дари рейд.jpg

Түркістан облысы әкмінің тапсырмасымен карантин кезінде жоғары сұранысқа ие дәрілік заттарды заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша кезекті рейдке шыққан мобильдік топ Арыс қаласындағы дәріханалардың бірінен тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

Бұл дәріхана санитарлық нормаларды сақтамаған, талапқа сай келмейді, азық-түлік дүкенімен бір ғимаратың ішінде орналасқан. Дәріхана қызметкері дәрі-дәрмектер тиісті лицензиясыз сатқан. Тексеру барысында мобильдік топ сатушыдан 400-ге жуық орамнан 140 түрлі дәрі-дәрмек тәркіледі.

Сол күні Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті дәріханалардың бірінде дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сататыны туралы хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында дәріхананың сатушысы "Новиган Нео" және "Нимесулид" дәрілерін жоғары бағамен сатқаны анықталды. Барлық жинақталған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберіледі.

Күн сайын полицейлер, денсаулық сақтау және жергілікті органдар өкілдерінен тұратын мобильдік топтар негізсіз жоғары бағамен дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың жолын кесу бойынша мониторинг пен рейдтік іс-шараларды жүзеге асырады. Бұдан бөлек, мобильдік топтар карантин кезінде бетперделік режимін және басқа да санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтау үшін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Түркістан облысында заңбұзушылардың есірткі егістігі жойылды
Дәрі-дәрмектерді қымбаттатып сату құқықбұзушылық болып табылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу