Бір өзі бірнеше қылмыс жасаған жігіт ұсталды
Кентау қаласының полицейлері бірнеше қылмыстық іске өатысы бар күдіктіні ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кентау қалалық Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер азаматтың айтуынша танысы 90 мың теңге тұратын ұялы телефонын сөйлесуге сұрап алып, саябаққа кірген бойы телефонын бермей, қашып кеткен. Келесі күні тағы бір жергілікті тұрғын дәл осындай қылмыстың құрбаны болғанын айтып, шағым түсірді. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, сырттай танысы құны 100 мың теңге тұратын ұялы телефонын қоңырау соғуға сұрап алып, 20 минут ішінде белгісіз бағытқа кетіп қалған. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеліп, полицейлер жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Дәл осы аралықта Полиция бөліміне Кентауға қарасты саяжайда тұратын әйел арызданып, мал қорасынан бір сиырын жымқырып кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 мыңға жуық теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен тіркелді.
Мұнымен қоймай келесі тұрғын түнгі уақытта гаражын бұзу арқылы ішінен 2 млн теңге тұратын "Мерседес " маркалы көлігін, 70 мың теңге болатын төрт доңғалағын, 50 мың теңге болатын автокөлік кілттерін жасырын ұрлап кеткенін айтып, арызданады. Аталған жайт СДТТБТ -не тіркеліп, 188-бап бойынша енгізілді.
2-3 күн аралығында орын алған қылмыстарды бір адам жасауы мүмкін деп топшылаған кентаулық полицейлер шұғыл әрекетке көшті. Жедел тергеу тобы құрылып, көрген-білгендерден жауап алды. Мұқият тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бір тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер ізін жасырып, туысының пәтерінде тығылып жүрген күдіктіні ұстады. Ол Кентау қаласының тұрғыны, бұрын ұрлық жасап сотты болған жас жігіт болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай ол алаяқтық жолмен 2 ұялы телефонды, гараждан көлікті жалғыз өзі ұрлаған. Ал, сиырды ұрлайтын кезде сыбайласын ерткен. Барлық ұрланған мүліктерді сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратқан. Ұрланған автокөлікті Кентаудың сырт жағына апарып тастаған. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде ұрланған барлық заттарды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған қылмыстарға қатысты күдіктінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық", 188-бабы "Ұрлық", 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Іс-құжаттары сотқа жолданды.