Төтенше жағдай режимін бұзған екі адам қамауға алынды
Түркістан қалалық полиция басқармасының полицейлері төтенше жағдай режимін бұзған 16 тұлғаны анықтап, бұдан бөлек екі азаматты саоттың шешімімен 5 тәулікке қамауға алды. Бұл туралы Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтанов фейсбуктегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасының полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында күні-түні рейдтік жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Әзірге, полицейлер төтенше жағдай режимін бұзған 16 тұлғаны анықтады. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен "Төтенше жағдай режимін бұзу" бойынша Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек екі азамат соттың шешімен 5 тәулікке қамауға алынды» деп жазды Селтанов.
Оның хабарлауынша, қала орталығында төтенше жағдайға қарамастан заңсыз жұмыс жасап тұрған 1 компьютер клубы, 5 кафе-ресторан мен 1 кіші футбол алаңы анықталған. Сондай-ақ, кафелердің біріне құдалық, туған күн жасаған азаматтар да жауапқа тартылды. Одан бөлек, тұрғын-үйінің ауласында той жасаған тұрғынға да шара көрілді.
«Құрметті қала түрғындары! Баршаңызды төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше денсаулығыңызға қатысты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын» дейді полиция басқармасының бастығы.