Түлкібас полицейлері бір жарым сағатта бүлдіршінді тауып берді

Oinet.kz 24-03-2020 604

тулбобек.jpg

Түркістан облысының полицейлері із-түссіз жоғалған 2 жасар бүлдіршінді бір жарыс сағаттың ішінде тауып, ата-анасына табыстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, небары 2 жастан енді асқан қызының үй маңында ойнап жүріп, қайта үйіне оралмағаны туралы арызданады. Кішкентай ғана бүлдіршіннің тілінің толық шыға қоймағандығын ескерген сақшылар, іздестіруді жеделдетеді. Жоғалған қызды табуға Түлкібас АПБ-нің бүкіл жеке құрамы мен жергілікті полиция қызметінің құрылымдары жұмылдырылады.

Полицейлер ауыл аймақтың ішін көліктерімен аралап, учаскелік полиция инспекторлары көшелердің арасындағы қуыстардың барлығын түгелімен тінти бастайды. Осылайша жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде бүлдіршін бір жарым сағаттың ішінде ауыл көшелерінің бірінен табылды. Тәртіп сақшылары қызды аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.

Дін аман табылған бүлдіршіннің атасы мен әжесі 102-ге хабарласқан сәттен бастап, бірден іздестіруге кіріскен және кәсібилік пен жеделділік танытқан полиция қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.

– Кішкентай немереміз Аделинаның үйдің жанында ойнап жүрген жерінен таба алмай қалдық. Өзіміз жақын жерлердің барлығын іздедік, көршілерден сұрадық. Ешкім көрмегенін айтты. Содан соң бірден полицияға хабар бердік. Олар тез арада келіп, іздестіруді бастап кетті. Немеремізді аман есен тауып берген полицейлерге алғысымыз шексіз, – деді бүлдіршіннің әжесі.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды бала тәрбиелеу кезінде жауапкершілік танытып, көзден таса етпеу керектігін ескертеді. Әсіресе тілі шықпаған бүлдіршіндерді жасы үлкендердің қарауына сеніп тапсырып, бақылауда ұстау қажеттігін айтады. Әр ата-ана өз баласына деген жауапкершілікті жіті түсінгені жөн. Егерде сіздің балаңыз немесе жақыныңыз із-түссіз жоғалып жатса, онда уақыт өткізбей тез арада полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Облыс полицейлері жоғалған жанды жедел табу үшін іздестіру шараларын атқаруға әрдайым дайын.



Төтенше жағдай режимін бұзған екі адам қамауға алынды
Беташар өткізіп, жұртты жиғаны үшін сот айыппұл төлетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу