Ойын-сауық орындарында тәртіпке бақылау күшейтілді

Oinet.kz 27-09-2026

image.png

«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Абай ауданының прокуратурасы полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ойын-сауық орындарында профилактикалық рейдтік іс-шара жүргізді. Рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдық орындарда заң талаптарының сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Рейд барысында ойын-сауық орындарындағы тәртіпке, қоғамдық орындарда кальян шегуге қатысты талаптардың сақталуына және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне ерекше назар аударылды. Құқық қорғау органдары мұндай профилактикалық шаралардың құқық бұзушылықты анықтаумен қатар, оның алдын алуда да маңызы зор екенін атап өтті.

Тексеру нәтижесінде қоғамдық орындарда кальян шеккен 16 тұлға және заң талаптарын бұзған 5 ойын-сауық орны әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар 14 кальян тәркіленді.

Кальян шегуге қатысты талаптарды сақтау қоғамдық орындардағы тәртіппен қатар, азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесімен де байланысты. Сондықтан ойын-сауық орындарының иелері мен келушілердің белгіленген талаптарды білуі және орындауы маңызды. Кәсіпкерлік нысан иелері өз аумағында заң талаптарының сақталуына жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Рейд кезінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар да анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз ойын-сауық орындарында жүруі олардың қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді арттырады. Осыған байланысты ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың бос уақытын ұйымдастыруға және олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндіріледі.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдық орындардағы қарапайым талаптардың сақталуынан да басталады. Белгіленген ережелерді орындау, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау – ортақ жауапкершілік.

Мұндай рейдтердің мақсаты тек құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту емес, тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандар өкілдеріне заң талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру.

Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Жол тәртібін сақтаған жүргізуші марапатталды
Мектеп қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау маңызды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу