Заңды білу – өзіңді қорғау

Oinet.kz 29-09-2026

image.png

 «Заң мен Тәртіп» қағидаты және «Bala Protect» жобасы аясында Еңбекші ауданының прокуратурасы Әлихан Бөкейхан атындағы №2 мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру.

Кездесу барысында оқушыларға қазіргі ортада жиі кездесетін буллинг, сталкинг, дропперлік және бұзақылық ұғымдары түсіндірілді. Мамандар аталған әрекеттердің құқықтық салдарына тоқталып, олардың кейбірі жай ғана тәртіпсіздік ретінде қабылданғанымен, заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін нақты өмірлік мысалдар арқылы жеткізді.

Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалануға байланысты қауіптерге назар аударылды. Оқушыларға бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарау, өзге адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз таратпау, күмәнді ақша аударымдарына араласпау және әлеуметтік желі арқылы заңсыз әрекеттерге тартылудан сақ болу қажеттігі айтылды. Дропперлікке қатысты да түсіндіру жүргізіліп, өз шотын немесе банк картасын бөтен адамдарға берудің құқықтық салдары болуы мүмкін екені ескертілді.

Кездесуде есірткі заттарының адам өмірі мен денсаулығына тигізетін зиянына да ерекше мән берілді. Жастарға есірткіні таратуға немесе оның заңсыз айналымына қатысудың қауіптілігі түсіндірілді. Әсіресе әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде кездесетін «жеңіл ақша табу» туралы ұсыныстарға алданып қалмау қажеттігі айтылды. Мұндай әрекеттің соңы қылмыстық жауапкершілікке және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екені ескертілді.

Дәрігер-нарколог есірткі заттары мен алкогольдің адам ағзасына әсері туралы айтып, олардың денсаулыққа келтіретін зиянына тоқталды. Ал теолог деструктивті және радикалды діни ағымдардың қауіптері туралы түсіндіріп, интернеттен алынған ақпаратқа сыни көзқараспен қараудың маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар алды. Кездесу соңында заң талаптарын сақтау, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және қиын жағдайға тап болған кезде үлкендер мен тиісті мамандардан көмек сұрау жөнінде ұсынымдар берілді.

Цифрлық ортадағы қауіпсіздікке назар аударылды
Жол тәртібін сақтаған жүргізуші марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу