Тазалық пен тәртіп – ортақ жауапкершілік

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – қала аумағында тазалықты сақтау ғана емес, абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні де осындай күнделікті талаптардан басталады. Қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, қоғамдық орындарды ластамау, абаттандыру қағидаларын сақтау – заң талаптарын орындаудың қарапайым көрінісі. Мұндай ережелердің сақталуы қаланың сыртқы келбетіне ғана емес, тұрғындарға ортақ ортаның жайлылығы мен қауіпсіздігіне де әсер етеді.
Жыл басынан бері Әл-Фараби ауданы аумағында абаттандыру қағидаларын бұзу және қоқысты белгіленбеген орындарға тастау бойынша 3 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Барлық факті бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл жұмыста заманауи технологиялардың да мүмкіндігі пайдаланылып отыр. Атап айтқанда, анықталған құқық бұзушылықтардың 677-сі дронның көмегімен әуеден бақылау жүргізу барысында тіркелген. Әуе мониторингі әсіресе аумақты кең көлемде бақылауға, қоқыс тасталатын орындарды анықтауға және талаптардың сақталуын жедел тексеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тек әкімшілік шара қолданумен шектелмей, тұрғындарға абаттандыру талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық беруде. Өйткені тұрақты профилактика тұрғындардың заң талаптарына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық өмірдің барлық саласында сақталғанда ғана ортақ кеңістікке деген жауапкершілік күшейеді. Тазалықты сақтау да осы тәртіптің бір бөлігі. Әр тұрғын өз ауласын, көшесін және қоғамдық орынды таза ұстауға атсалысса, қаланың көркі де, өмір сүру ортасы да жақсара түседі.
Полиция тұрғындарды тазалық талаптарын сақтауға, абаттандыру қағидаларын бұзбауға және қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға шақырады. Заң талабын сақтау – тек жауапкершіліктен қашу емес, өзің тұратын қалаға деген құрметтің де белгісі. Тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ жауапкершілік.


