70-ке жуық граффити жазуы жойылды

Шымкенттің Тұран ауданында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Соның бір бағыты – қоғамдық орындардың көркін бұзатын және заңсыз мазмұндағы граффити жазуларын дер кезінде анықтап, жою. Бұл ретте көшелер мен аулалардағы жазулардың сыртқы келбетке әсері ғана емес, олардың мазмұны мен тұрғындарға тигізуі мүмкін кері ықпалы да назарда.
Аудан аумағын аралау барысында есірткі заттарын жарнамалайтын, оларды заңсыз айналымға қатысты ақпарат тарататын жазулар да анықталады. Мұндай жазулардың қабырғада ұзақ уақыт сақталуы тұрғындар арасында заңсыз әрекеттер туралы ақпараттың таралуына жағдай жасауы мүмкін. Сондықтан оларды анықтап, тез арада өшіру – құқық бұзушылықтың алдын алудың бір тетігі.
Осы бағытта полиция қызметкерлері мен жауапты мамандар рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүргізіп, аудан аумағына тұрақты мониторинг жасауда. Жүргізілген кезекті жұмыстар барысында осы аптада 70-ке жуық заңсыз граффити жазуы анықталып, жойылды.
Заңсыз жазуларды өшірумен қатар, олардың қайта пайда болуына жол бермеу де маңызды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері аудан көшелерін, қоғамдық орындар мен тұрғын үй аулаларын бақылауда ұстап, анықталған жағдайларға байланысты тиісті шаралар қабылдауда. Мұндай мониторинг құқық бұзушылықтың белгілерін ерте анықтап, оның кең таралуына жол бермеуге бағытталған.
«Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен қоғамдық ортадағы қауіпсіздік пен тазалықтан басталады. Ортақ пайдаланатын жерлерді бүлдірмеу, бөтеннің мүлкіне зиян келтірмеу, заңсыз ақпарат таратпау – әр азаматтың жауапкершілігі. Әсіресе есірткіні насихаттайтын немесе заңсыз айналымына қатысты мәліметтерді тарататын жазуларға немқұрайды қарамау маңызды.
Бұл ретте құқық қорғау органдарының жұмысы тұрғындардың қырағылығымен ұштасқанда ғана нәтижелі болмақ. Қоғамдық орындарда күмәнді жазуларды немесе құқық бұзушылық белгілерін байқаған тұрғындар тиісті органдарға хабарлау арқылы ауданның қауіпсіз әрі таза болуына өз үлесін қоса алады.
Тұран ауданындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, заңсыз жазуларды анықтау, жою және олардың қайта пайда болуына жол бермеу бағытындағы бақылау күшейтіле береді.


