Ведомствоаралық комиссия мен штабтардың бірлескен отырысы өтті

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және Нашақорлыққа қарсы штабтың бірлескен кезекті отырысы өтті.
Жиынға жергілікті өкілді органдардың, құқық қорғау және арнаулы органдардың, әскери басқару органдарының басшылары, сондай-ақ аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
Кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қаладағы криминогендік ахуалды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қаралды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі, көлік жүргізу мәдениетін арттыру және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асырудың барысы бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, жол қозғалысы кезінде заң талаптарын сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар ортаға салынды. Бұл бағыттағы міндеттер тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, оның алдын алуға басымдық беруді көздейді.
Қаладағы криминогендік ахуал мен есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар бойынша Полиция департаментінің басшылығы баяндама жасады. Баяндамада Шымкентте қылмысқа қатысты бірқатар көрсеткіштің төмендегені айтылды.
Қала әкімі криминогендік ахуалдың өзекті мәселелеріне тоқталып, оларды бірлесіп шешу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Соның ішінде көлік жүргізу тәртібі мен жүргізу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыс тек полиция органдарының біржақты рейдтік шараларымен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті.
Осыған байланысты жол қауіпсіздігі бойынша ақпараттық және профилактикалық жұмысты ведомствоаралық сипатта жүргізу қажеттігіне назар аударылды. Яғни жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, жолдағы тәртіпті сақтаудың маңызын насихаттау және қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараларды жүйелеу міндеті қойылды.
Жалпы, отырыс қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар назарға алынып, оларды ведомствоаралық сипатта іске асыруға қатысты бірыңғай ұсынымдар дайындалды.


