Қаржылық сауаттылық – тұрақты экономикалық дамудың негізі
Қаржылық сауаттылық – заманауи қоғамның маңызды көрсеткіші. Ол азаматтардың жеке қаржысын тиімді басқаруға, дұрыс шешім қабылдауға және қаржылық тұрақтылыққа жетуіне мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып отыр.

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – табыс пен шығынды жоспарлау, жинақ пен инвестицияны басқару, несие мен салық жүйесін түсіну қабілеті. Бұл дағды әрбір адамның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығына әсер етеді. Қаржылық сауатты азамат тұтынушылық шешімдерді саналы түрде қабылдап, артық қарызға батудан, алаяқтықтан және тиімсіз инвестициядан қорғана алады.
Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрғындардың ақшаны тиімді басқару, жұмсау, несие, оның пайыздары секілді қаржылық ілім-білімнің аздығы байқалады. Сарапшылар елдегі қаржылық сауаттылық индексі ТМД елдері бойынша орташа көрсеткіштен төмен екенін айтады. Мұның басты себебі қазақстандықтардың несие саясатын жетік түсінбегендіктен несиеге шамадан тыс жүгінуі дейді мамандар. Қазіргі таңда азаматтардың банктерге 24 трлн берешегі бар. Соған қарамастан халықтың несиеге деген сұранысы кеміп отырған жоқ, керісінше артуда. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың рәсімдеген несиесі 44,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 трлн теңгеге немесе 22%-ға артық екен. Кейінгі жылдары халықтың қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігін өз пайдасына асыратын алаяқтар көбейді. Шоттағы ақшаны шешіп алу, біреудің атынан несие рәсімдеу секілді оқиғалар осыған куә. Бұған тағы қаржы пирамидаларын қосыңыз. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру ел саясатының басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Елдің тұрақты экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың барлық топтары арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған білім беру бағдарламалары мен бастамаларын жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қазіргі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы «Жол картасы» əзірленді. Оқу-ағарту министрлігі және Жоғары білім жəне ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде мектеп, колледж жəне жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары əзірленді. Өткен жылдан бастап оқушылар үшін мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» курсы, ал колледждер мен ЖОО-да «Кəсіпкерлік» курсы бағдарламаға енгізіліп, оқытылуда. Мұндай курстар 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларын қамтып, сауатын арттыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдағы «Аңқау елге арамза молда» пиғылын тоқтату мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асып, алғашқы жемісін де салып үлгерді. Жемісті жобалардың қатарына «Amanat» партиясы бастамашы болған, Мемлекет басшысы қолдаған «Қарызсыз қоғам» жобасын атауға болады. Екі жылдың ішінде пилоттық жоба тиімділігін дәлелдеп, қарызға белшесінен батқан талай адамды «құтқарды». Әсіресе, заңсыз қарызға батқандардың жүктемесін дәл осы «Қарызсыз қоғам» жобасы азайтты. Халықтың қаржылық бағытта көзін ашқан бағдарлама аясында 2023 жылдан бері 845 мың адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтіпті. Ал биыл жобаға 800 мыңнан астам қазақстандық жүгініп, 110 мыңы тегін заңгерлік кеңес алған. Олардың 360 мыңы нақты көмек алыпты. Жыл соңына дейін жоба жетекшілері курстан өтушілер санын 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. «Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша биыл жоба қызметкерлеріне жалпы қарыз жүктемесі 28 миллиард теңге болатын 40 мыңнан астам адам жүгініпті. Мамандардың араласуы нәтижесінде миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болған. Яғни 25,6 мыңнан астам азамат қаржылық қарыздарын қайта құрылымдау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бағытталса, 15 мыңнан астам өтініш банк шоттарының бұғатталуына қатысты тіркелген. «Бірде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталды, енді бірде төлем кестелері түзетілді. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – адамдардың тағдыры»,- дейді ол.
Қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесі сөз болғанда әрине алдыңнан кадр, маман мәселесі көлденеңнен шығады. Себебі халыққа үйрету үшін мықты маман, білікті кадр қажет. «Қарызсыз қоғам» жобасы бұл проблеманы да айналып өтпеді. 2024 жылы Финляндия мен Эстония тәжірибесі негізінде бейімделген бағдарлама әзірленіп, 7,5 мың педагог оқытылды дейді жоба өкілдері.
Айтпақшы, жақында ғана Қаржы мониторингі агенттігі «Заң мен Тәртіп» және «Адал Азамат» тұжырымдамаларын ілгерілету мақсатында, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы мен Halyk Bank қолдауымен республикалық қаржылық қауіпсіздік бойынша диктант өткізген болатын. Ел ішін қамтыған ауқымды шараға 3 миллионнан адам қатысты. Әсіресе Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары диктантқа ерекше белсенділік танытты. Нәтижесінде әр өңірден 10 жеңімпаздан, барлығы 200 адам марапатталып, олар дипломдар, сертификаттар және бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл шара азаматтардың қаржылық сауаттылыққа бей-жай қарамайтындығын, деңгейін көтеруге деген талпыныстарының жоғары екендігін дәлелдеді.
Әлеуметтанушылар қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі соңғы жылдары артып келе жатқанын айтады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2021 жылы елдің қаржылық сауаттылық индексі 39,52%-ды құраған болса, 2022 жылы 40,3%, 2023 жылы 40,5%-ды көрсеткен. Аз да болса әйтеуір жыл сайынғы өсім байқалады. Ал 2025 жылы республиканың 41,5 %-ы қаржылай сауатты болады деген жоспар болған. Дегенмен, қуануға әлі ерте. Себебі халықтың басым бөлігінің қаржылық сауаттылық деңгейі әлі де төмен болып тұр. Бұл, әсіресе, жоғарыда атап өткеніміздей несие рәсімдеуде, инвестициялық таңдауда байқалады. Тәжірибелі деген кәсіпкерлердің өздері жалған жарнамаға алданып қалып жатыр. Сондай-ақ, шешім қабылдау кезінде адамдар эмоцияға беріліп, несие, қарыз, инвестицияның келешегіне көз жүгіртпей, сол сәттегі тығырықтан шығудың жолын ғана іздейді дейді сарапшылар. Оның үстіне ақпараттық технологияның дамуы интернет алаяқтарының да мүмкіндігін кеңейтуде. Интернет қауіпсіздігі, жеке бастың құпиялылығы секілді мәселелер қазіргі таңда Қазақстанда өзекті проблемалардың бірі болып тұр.
Қазақстандықтардың несиеге бейімділігін ескерген үкімет енді банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие беру ережелерін қатаңдатуды тапсырды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен (ҚНРДА) жаңа қаулыда егер қарыз алушының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, оған несие рәсімделмейтіндігі айтылған. Сондай-ақ адамның барлық несиелері айлық табысының 50%-ынан асып кетсе, жаңа қарыз алу мүмкін болмайды. Бұл бастама халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған дейді мамандар.
Осы орайда экономист Мақсат Халық несие алу кезінде бірнеше мәселені ескерген жөн дейді. Халықтың микроқаржы ұйымдарынан несие алуы жақсы үрдіс емес екенін айтқан ол мұндай ұйымдарға жоламауға кеңес береді. «Несие рәсімдеген кезде келісім-шартты мұқият оқып шығу керек. Мәселен, кей банкте «Несиеден 7 пайыз ұстап қаламыз» деп анық жазылады. Сондай-ақ, «Инфляция жағдайына байланысты банк пайызын қайта қарастыруы мүмкін» деген пункт болады. Соған мән беріп, егер ұнамаса ашып айту керек. Сіз ол шартқа қол қойсаңыз, банк қайта қаржыландырып жіберсе, несие пайызыңыз қайта өсіп кетуі ықтимал. Ең алдымен табыс деңгейіне қарап, әр отбасы кіріс-шығысын есептеп, реттеп отыру керек»,- деді ол.
Қаржылық сауаттылық – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Ол азаматтардың табысын дұрыс жоспарлауға, артық қарыздан сақтануға, жинақ пен инвестицияны тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бүгінде ел азаматтарының 40 пайызы қаржылай сауатты болғанымен, бұл дамыған елдерге қарағанда төмен көрсеткіш екені анық. Қаржылық сауаттылық – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Ол азаматтардың табысын дұрыс жоспарлауға, артық қарыздан сақтануға, жинақ пен инвестицияны тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл тақырып тек Үкіметтің бас қатыратын мәселесі емес. Өйткені қаржы саясаты барлық адамның өміріне тікелей қатысты дүние. Жарқын болашақты аңсайтын әрбір азамат қаржылай сауатты болуға талпыну керек. Мамандар ел ішіндегі қаржылық сауатсыздықты жою үшін әлі де қаржы алаяқтарынан сақтану, несие алу мәдениеті, цифрлық қауіпсіздік секілді тақырыптағы ашық материалдарды, бейнероликтерді, түсіндірме жұмыстарын күшейту керек деп есептеді. Сондай-ақ, отбасылық қаржы мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Отбасылық бюджетті жоспарлау, балаларды ерте жастан ақшаны дұрыс жұмсауға үйрету – қаржылық тұрақтылықтың негізі. Әр отбасы табыс пен шығынды бақылауды дағдыға айналдыруы керек. Банктер мен сақтандыру ұйымдары өз қызметтері туралы ашық әрі түсінікті ақпараттар ұсынса, бұл да тұтынушылардың дұрыс шешім қабылдауына әсер етер еді. Халықтың өз құқықтарын білуі және қорғауы – қаржы жүйесіне сенімді арттырады.
Қаржылық сауаттылық – экономикалық тұрақтылықтың және әлеуметтік мәдениеттің негізі. Қаржылық сауатты азамат өз табысын тиімді басқарып, ел экономикасының дамуына үлес қосады. Қаржылық сауаттылықты арттыру – Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-әрекеті арқылы қаржы мәдениеті жоғары, экономикалық тұрғыдан жауапты азаматтар буыны қалыптасады. Бұл – елдің болашағына салынған сенімді инвестиция.

 
 
 
