Инклюзивтілік – бүкіл қоғамның бірлігі мен мәдениетінің көрсеткіші

Oinet.kz 19-10-2025 9

Қазіргі қоғамның басты құндылықтарының бірі – адамның қадір-қасиетін құрметтеу. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар да осы қоғамның тең құқықты мүшелері. Оларға қолдау көрсету, өмір сүруге, оқуға, еңбек етуге және қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беру – әр азаматтың және тұтас мемлекеттің борышы.

Screenshot_12.jpg

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселесі  күн тәртібінен түскен емес.  Себебі  мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жыл сайын артып келеді.  2025 жылғы жағдай бойынша елімізде  мүгедектігі бар адамдар саны шамамен 737,4 мың адамды құрайды.  Оның ішінде 120 мыңдайы балалар. Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуға, еңбек етуге, әлеуметтік қорғау және жәрдемақылар алуға, қозғалым еркіндігіне, медициналық көмеке жүгінуге,  қоғамдық шараларға қатысуға құқылы.  Осындай құқықтардың мүмкіншілік аясын кеңейту  мақсатында 2021 жылы  "Мүгедектердің құқықтарын қорғау" туралы заң қабылданған болатын. Заңда  мүгедек  жандардың еңбек құқықтары, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау секілді  құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар шаралар қамтылып, жүйелі жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ   мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар да сәтті іске асырылуда. Ұлттық жоспар 7 бағытты қамтиды:  мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері. 

2025 жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерге мемлекеттен  448 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі мәліметке сай, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылардың орташа мөлшері  78 329 теңгені құрайды. Ерекше қажеттілігі бар адамдар өздерін толыққанды азамат сезіну үшін оларға қолайлы, жайлы  ортаны қалыптастыру аса маңызды. Әсіресе олардың көшеде, ғимараттарда жүріп-тұруы үшін ыңғайлы инфрақұрылымның болғаны жөн. Осы мақсатта елімізде мүгедектер үшін инфрақұрылымның қолжетімділігі жақсарып келеді. Соңғы жылдары Қазақстанның көптеген қалаларында көше мен қоғамдық орындарда арнайы пандустар орнатылып, көлік құралдары мен қоғамдық көліктердің мүгедектерге қолайлы болуы қамтамасыз етілді. Нашар көретіндерге арналған арнайы жолдар, қала орталарына лифттер, дыбыстық бағдаршамдар және шағылыстыратын белгілерді қалалардан байқауға болады.   

Әрине, өмірдің қиын кезеңдерін бастап кешіріп, тағдырдың сынағына ұшыраған жандарға материалдық көмек пен қатар моральдық көмек ауадай қажет. Себебі балалар болсын, тіпті ересегі де кейде қоғамнан шеттеу көріп жатады. Мұндай күйзелістен  оларды психологиялық оңалту шаралары алып шыға алады. Елімізде оңалту орталықтарында, арнайы мекемелерде психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мүгедектерге, олардың отбасыларына және қоғамның басқа да мүшелеріне кеңес беріп, әлеуметтік оқшауланудан арылуға және қоғамда өз орнын табуға көмектеседі.  Ерекше қажеттілігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуді  «AMANAT» партиясы қолға алған. Халық қалаулылары мүгедектердің өмір сапасын жақсартуға арналған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын тұрақты   іске асырып келеді.

Мүгедек ол масыл адам емес. Олар да қоғамға өз пайдасын тигізе алады. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту шаралары жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 2025 жылдың  басынан бері жұмыспен қамту шаралары аясында  14,9 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан  жұмыспен қамтылған.  Бұл еңбекке қабілетті мүгедек адамдардың шамамен 30 % құрайды. 

Бәрін айт та, бірін айт,  ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартудың  басты көрсеткіші материалдық дүниемен өлшенбейді, ол мәселеге көзқарасты өзгерту болып табылады. Олар өз құқықтарын толық пайдалана отырып, қысымға ұшырамай ортаға бейімделуі үшін, өздерін осы қоғамға қажетті сезінуі үшін мемлекет қана әрекет жасамауы тиіс. Ерекше жандарға кедергісіз кеңістік құруға  жалпы қоғам, әрбір азамат ат салысуы керек.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жетістіктері – қоғамның өркениеттілігінің айғағы. Олар да армандай алады, еңбек етіп, шығармашылықпен айналыса алады. Біз тек сол мүмкіндікті бірге ашуға тиіспіз. Міне, осы қадамға Қазақстан инклюзивті қоғам құру арқылы жетпек. Қазіргі қоғамдағы инклюзивтіліктің мәні — әрбір адамның жеке ерекшелігіне, мүмкіндігіне, жынысына, жасына, ұлтына, дініне немесе денсаулық жағдайына қарамастан тең мүмкіндіктерге ие болуы мен қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау. Инклюзивті қоғамда әр адам өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады, ал өзгелер оны шеттетпей, керісінше, қолдау білдіреді.

Инклюзивті қоғам құрудың бір бөлшегі ол инклюзивті білім беру жүйесі  болып табылады. Бұл жобалар аясында еліміздің мектептерінде   түзету кабинеттері ашылып, педагог-психологтар мен дефектологтардың жұмысы күшейтілді. Республика бойынша 80%-ға жуық мектеп инклюзивті оқыту жүйесіне бейімделген. Жақында Алматы қаласында «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында  инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс аясында дөңгелек үстел өтті. Сол жиында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова: «Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалану және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау мәселелері басты назарда. Инклюзияның негізі – адами құндылықтар: сыйластық, қабылдау және қолдау. Біз заманауи сын-қатерлер мен жаһандық үрдістерді ескере отырып, білім мазмұнын жетілдіруде күш біріктіріп, тиімді стратегиялар әзірлеу, тәжірибе алмасу және қолдау механизмдерін нығайтуға шақырамыз», – деді.  Ия, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы әлеуметтік теңдік пен адам құқықтарын қорғау саласында маңызды қадамдар жасап келеді. Мемлекет инклюзивті қоғам қалыптастыруды стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде айқындап отыр. Инклюзивті қоғамның басты қағидалары: теңдік және әділдік – барша азаматтар үшін бірдей құқық пен мүмкіндік болуы, қолжетімділік – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, көлік, еңбек нарығы сияқты салаларда физикалық және цифрлық кедергілердің жойылуы, құрмет және қабылдау – әр адамның даралығын мойындау, кемсітушілікке жол бермеу, қатысу мен өзара қолдау – қоғамның барлық мүшесі шешім қабылдау үдерісіне қатысып, өз үлесін қоса алады.  Әлеуметтанушылар қоғамда инклюзияны дамыту үшін ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейту, әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын жетілдіру және жергілікті деңгейде қолжетімді ортаны кеңейту қажеттігін атап өтуде.

Бүгінгі таңда инклюзивтілік — әлеуметтік әділдік пен тұрақты дамудың негізі. Инклюзивтіліктің мәні — адамға бағытталған гуманистік құндылықтарда. Инклюзивтілік – тек ерекше топтарға көмек көрсету емес, ол бүкіл қоғамның бірлігі мен мәдениетінің көрсеткіші. Нағыз инклюзивті қоғам – әр адам өзін маңызды, қажет және құрметті сезінетін орта.

Жұмыспен қамту – экономикалық тұрақтылықтың негізі
Қаржылық сауаттылық – тұрақты экономикалық дамудың негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу