Түркістан ірі индустриалдық орталыққа айналып келеді

Oinet.kz 30-10-2025 22

Бүгінгі таңда ел аумағында 14 арнайы экономикалық аймақ пен 50-ге жуық индустриялық аймақ жұмыс істейді екен. Әлбетте, әр өндірістік аймақтың даму қарқыны әрқалай. 

1000497256.jpg

Осы тұрғыда ел бойынша зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде индустриялық аймақтардың тиімділігі жөнінен Алматы,  Шымкент және  Түркістан қалалары  үздіктердің қатарына кіргені анықталды. Дәл осы индустриялық аймақтарда жүзеге асырылған сәтті жобалар көп.

Түркістан облысында бүгінгі күні 20-ға жуық индустриалды аймақ  жұмыс істеп тұр. Бұл еліміздегі бүкіл индустриалдық аймақтардың үштен бір бөлігі. Жыл басынан бері мұнда орналасқан кәсіпорындар күшімен 12 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Осы өндіріс аймақтарында екі мыңнан астам адам еңбек етуде.   Әлбетте, индустриалдық жобалардың іске асырылуы жағынан Түркістан қаласы бірінші орында тұр. Қысқа мерзім ішінде еліміздің рухани астанасында көптеген кәсіпорындар ашылып, олардың өнімдері республика ғана емес, өзге елдерге де жөнелтілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған  Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән берген болатын. Президент тапсырмасын басшылыққа ала отырып индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс жүргізілуде.

Бұл ретте  Түркістан облыстық  өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов «бүгінгі күні Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылған кезде 2956 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұдан бөлек, қаладағы индустриалды аймақта 23 жоба іске қосылып, 961 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарланған жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда. Өткен 8 айда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 22010-ға жетіп, салада 34500 адам жұмыспен қамтылған. Қала экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65-68 пайызын құрайды. Кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген», деп мәлімдеді.

Жалпы, өңірдегі индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жүргізу үшін 12,35 миллиард теңге жұмсалған. Бюджеттен жұмсалған 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған. Айта кетерлігі, индустриалды экономикалық аймақтардағы инфрақұрылымды дамытуға қала басшылығы айрықша назар аударуда. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларды тарту бағытында белсенді жұмыстар қолға алынды. Мәселен, өткен аптада облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде өңір басшысы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ индустриалды аймақтар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы тиіс екенін ескертті.  Индустриалдық аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге қажетті қаржының есебін жасау, жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден жерді қайтару, зауыттарды жергілікті салықтық органдарға тіркеу және өзге жобаларды көбейту жөнінде тапсырма берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керектігін атап өткен  болатын.  Ел Үкіметіне инвестиция тарту жұмысын жүйелі түрде жүргізуді тапсырған Президент инвестор неғұрлым көп ақша жұмсаса, соғұрлым көп жеңілдік алады  деген ұстаным басты  қағида болуы қажеттігін баса айтты. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын анағұрлым  көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізуді, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыруды тапсырған болатын. Ел үкіметі отандық экономиканы дамытудағы индустриялық аймақтардың рөлін арттыруды көздеп отыр.  Премьер-министр Олжас Бектенов биыл экономиканың басым секторларында жобаларды іске асыратын бизнесті қолдаудағы әкімдіктің нақты жұмысының маңыздылығын атап өтті. Биыл Алматы қаласындағы индустриялық аймақтардың жұмысымен танысқан Премьер-министр: «Президент өзінің Жолдауында Үкіметке шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруді ынталандыру туралы тапсырма берді.  Индустриалды аймақтар, әсіресе шағын өнеркәсіптік парктер тиімді механизмге айналды. Мұнда кәсіпкерлер өндірісті өрістете отырып, үнемделген қаражатты айналымға жібере алады. Жұмысты жалғастырып, тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет», – деп мәлімдеген болатын.

Демек, индустриялық аймақтардың жұмысы алдағы уақытта жандана түспек. Бұл ретте Түркістан қаласындағы индустриялық аймақтың мақтанарлық жетістіктері аз емес.  Қазіргі таңда  облыс аумағында  9 индустриялық аймақ бар. Олардың жалпы аумағы 544 гектарды құрайды. Ресми мәліметтерге сенсек, қазірге дейінгі уақытта осы аймақтарда жалпы жобалық құны 75 млрд теңгені құрайтын  67 бизнес жоба жүзеге асырылған. Жер телімдерінің үштен бір бөлігі, яғни 141 гектары игерілген.  Осы индустриялық аймақтардың қатарында Түркістан қаласының аумағындағы «Түркістан» ИА-ның орны бөлек. Бастапқыда 40 гектар бөлінгенімен, бизнес мүмкіндіктердің әлеуеті қайта қаралған соң индустриялық аймақтың жері  310 гектарға дейін ұлғайтылған еді.

Еліміз бойынша ең табысты индустриялық аймақтардың бірі болып танылған «Түркістан» индустриялық аймағы ашылғанына аса көп уақыт бола қоймаса да, сарапшылардың жоғары  бағасына ие болып отыр. Көне шаһардағы индустриялық аймақтың табысты жобалары аз емес.  Түркістан тартылған инвестициялар мен жүзеге асырылған жобалар саны жөнінен Алматы мен Шымкенттегі ірі индустриялық аймақтар мен парктерге бәсекелестік орната білді. Жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылып, шығарылатын дайын өнімдердің ауқымы кеңейіп келеді. «Түркістан» индустриялық аймағының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде әлемнің үздік тәжірибелері ескеріліп,  Түркияның білікті мамандары тартылды.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласы мейлінше дамыған бауырлас Түркия еліндегі өндірістік аймақтарда  2 миллионнан астам адам жұмыс істеп, жыл сайын ондаған миллиард доллардың тауарын өндіреді. Түркия экономикасындағы соңғы жылдарда байқалған жетістіктердің дені, оның ішінде машина жасау бағытындағы табыстары негізінен алғанда өндірістік аймақтардың арқасында  орын алып отырғаны мойындалды.  Кәсіпкерлікті дамытудағы Түркияның тәжірибесі, әсіресе, ТМД елдерінде үлкен  қызығушылық туғызды.

Сол себепті де, «Turkistan» индустриалдық аймағының мастер жоспарын әзірлеу кезінде Түркияның білікті мамандары тартылды.  «Индустриалдық аймақтар мен парктердің жұмысын дұрыс жолға қойып,  инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруда үздік шетелдік тәжірибе мен жетістіктерін қолдану маңызды. Бұл тұрғыда Түркияның индустриалдық аймақтарды дамытуда үлкен тәжірибесі бар. Әсіресе Анкара мен Бурса қалаларындағы индустриалдық парктердің өнімділігі өте жоғары. Ең алғашқы индустриалдық аймақ 1962 жылы құрылса, қазір елімізде осындай 330 өндірістік аймақ бар. Онда 2 милионннан астам адам жұмыс істейді. Жылына 60 миллиард евроның өнімі өндіріледі. Біз осы үздік тәжірибені Түркістанда жүзеге асырғымыз келеді», – деді жоба авторларының бірі Алмаз Шакиров.

Облыстағы индустриалдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 9 индустриалдық аймақтың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мәселен, «Түркістан» индустриалдық аймағындағы негізгі бағыт – құрылыс саласы. Осындағы 30-ға жуық жобаның 13 млрд теңге, 1000-ға жуық адамды жұмыспен қамту көзделген. Және соның 44 пайызы құрылыс саласындағы жобалар. «Turkistan»» индустриалдық аймағын дамыту стратегиясына сәйкес, мұндағы жобалар негізінен бес бағытта жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезекте– машина жасау. Елімізде соңғы жылдарда машина жасау саласында белсенді  процестер жүріп жатқаны белгілі. Демек, алдағы уақытта бұл үрдістен «Түркістан» индустриалдық аймағы  да шет қалмай,  машина жасау саласындағы сұранысы жоғары өнім түрлерін шығаруға көшуі тиіс.  Болашағы зор бағыттар қатарына электр энергиясын шығаратын құрал-жабдықтар өндіру. Энергия шығарушы құралдарға деген сұраныс әрдайым жоғары болатындықтан, индустриалдық аймақтағы басымдыққа ие бағыттардың біріне айналмақ. Басымдық берілген тағы бір бағыт – химия өнеркәсібі. Әлеуеті мол саланың қала экономикасына берері мол. Болашақта осы бағытта көптеген жаңа жобалар жүзеге  асырылмақ.

«Түркістан» индустриалдық аймағын дамытудағы төртінші бағыт – өңдеу өнеркәсібі. Бұл саланың болашағы зор. Өзіндік құны жоғары тауарларды шығаруға басымдық беру – тұрақты да табысты экономиканы қалыптастырудың негізгі шарты екені мәлім.  Бұл салада елімізде еңбек өнімділігінің айтарлықтай өсімі байқалатындықтан, болашағы жарқын салалардың бірі ретінде таңдалып отыр.

Индустриалдық аймақтың басымдыққа ие бесінші бағыты – жиһаз жасау саласында қазірдің өзінде-ақ айтулы табыстарға қол жеткізілді. Түркістан шаһары тек өңіріміздегі емес, бүкіл республика деңгейіндегі жиһаз  шығаратын ірі орталыққа айналғаны жасырын емес. Түркістандық жиһаз өнімдері қазіргі таңда түрлі облыстарға жөнелтіліп, нарықта сұранысқа ие.  Демек, жиһаз шығару бағытындағы сәтті жобалар алдағы уақытта да индустриалдық аймақтың шеңберінде жүзеге асырыла бермек.

Индустриалдық аймақтың жұмысы бұл бағыттармен шектеліп қалмайды. Негізгі даму  жолдарымен қатар ілеспе бағыттар бойынша да көптеген жобаларды жүзеге асыру қарастырылып отыр. Олардың қатарында – тоқыма бұйымдарды жасау, киім шығару, былғары және соған жататын өнімдерді өндіру, сабан бұйымдары және өрімге арналған материалдар, пластик бұйымдарын жасау, машина және жабдықтардан бөлек ағаш және тығынды  бұйымдарды  жасау,  металл емес минералды өнімдерді шығару, резіңке, пластмасса мен өзге де полимерлік материалдарды қайта өңдеу сынды бағыттар қамтылмақ. Бір сөзбен айтқанда, «Turkistan» индустриалдық аймағында отандық нарыққа ғана емес, экспортқа да шығарылатын, өзіндік құны жоғары, бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару мақсаты қойылып отыр.

Жалпы, индустриалдық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда инвесторлар үшін мол мүмкіндіктер берілген. Негізгі артықшылықтарды тізіп шығатын болсақ, инвестициялық жобаларға қатысушылар кеден баждарын салудан босатылады. Олар үшін жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды және т. б. беру түрінде ҚР заңды тұлғасының тіркелген активтеріне инвестициялар көлемінің 30 пайызынан аспайтын мөлшерде мемлекеттік заттай гранттар көзделген. Сонымен қатар, инвестициялық басым жобаларға қатысушылар кеден баждары және импортқа қосымша құн салығынан салудан босатылады. Олардың мемлекеттік заттай гранттар алуға мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек  басым жобаларды іске асыратын тұлғалар жер салығының ставкаларына 0 коэффициентін қолдану, салық базасына 0 пайыз ставка бойынша мүлік салығын есептеу түрінде салықтар бойынша преференциялар алады. Оның үстіне, мұндай жобаларға инвестициялық субсидиялар беріледі. Оларға құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған нақты шығындардың қомақты бөлігі өтеледі. Сондай-ақ, инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарт жасасқан инвесторлар мен олардың құрылыс мердігерлері квоталау және шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу жөніндегі талаптардан босатылады.

Осындай преференциялары мол, жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көріп отырғандықтан да Түркістанға келіп, кәсіпорын ашуға дайын инвесторлар легі артып келеді. Айта кетерлігі, инвестициялық жобаларды іске асыруда инновациялық шешімдерге басымдық беріліп отыр.

 Елімізде индустриалдық аймақтардың жұмысы заңнамамен реттеледі. Орталық және өңірлік деңгейлердің мемлекеттік органдарының құзыреттіліктері, сондай-ақ арнайы экономикалық  және индустриалды аймақтарының құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Индустриалды аймақтардың түрлері заңнамалық түрде бекітілді: республикалық және өңірлік мәні бар, сондай-ақ шағын индустриалды аймақтар. Жеке меншік индустриалды аймақтарды құру мүмкіндігі пайда болды. Барлық преференциялар мен мүмкіндіктер заңның шеңберінде айқындалған. Инвестициялық жобаларды іске асыратын, оның ішінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туристік индустрия, көлік логистикасы, қалдықтарды басқару және т.б салалардағы ИА көп қатысушылары басқа нормативті актілермен қарастырылған инвестициялық преференцияларды пайдаланады. Мысалы, ең көп таралған инвестициялық режимдер Кәсіпкерлік кодексте көзделген, оған сәйкес жаңа өндірістер құруға немесе жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге және олардың қарауына жататын инвестициялық жобалар, инвестициялық басым жобалар, арнайы инвестициялық жобалар шеңберінде жаңартуға болады.

Жер телімдерін берудің реттілігі қаралған. Заңның ішінде «жаңылыстар» мен «қателер» орын алғанына қарамастан, басқарушы компаниямен қалай өзара әрекеттестік жүргізу сияқты индустриалды аймақтың жұмыс істейтіндігі туралы ұғым анағұрлым нақты – ашық форматта пайда болды.  Міндеттері арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын дамыту, ілгерілету және арттыру болып табылатын бірыңғай үйлестіру орталығын құру көзделеді. ИА қатысушылары АЭА-ғыдай «бір терезе» принципі бойынша мемлекеттік және басқа да қызметтерді ала алатын болады.  Мысалы, «бос қойманың иесі» үшін немесе АЭА-та іске асырылатын арнайы инвестициялық жобалар үшін импортқа ҚҚС пен әкелінетін кедендік баждарды салудан босату қарастырылған. Сондай-ақ, осы режим шеңберінде еліміздің Салық заңнамасына сәйкес салықтар бойынша преференциялар беріледі. АЭА қатысушылары мен олардың құрылыс мердігерлері квоталау және шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу жөніндегі талаптардан босатылады.

Инвестициялық жобаларға қатысушылар кеден баждарын салудан босатылады. Олар үшін жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды және т. б. беру түрінде ҚР заңды тұлғасының тіркелген активтеріне инвестициялар көлемінің 30%-нан аспайтын мөлшерде мемлекеттік заттай гранттар көзделген. Инвестициялық басым жобаларға қатысушылар кеден баждарын және импортқа ҚҚС салудан босатылады. Сонымен қатар, олар мемлекеттік заттай гранттар алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, басым жобаларды іске асыратын тұлғалар КТС-ның 100%-ға есептелген сомасын азайту, жер салығының ставкаларына 0 коэффициентін қолдану, салық базасына 0 пайыз ставка бойынша мүлік салығын есептеу түрінде салықтар бойынша преференциялар алады.  Мұндай жобаларға инвестициялық субсидиялар беріледі. Оларға құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған нақты шығындардың 30% – на дейін өтеледі. Жеңілдіктер жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі жобалар бойынша ғана берілмейді.

Сондай-ақ, инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісім-шарт жасасқан инвесторлар мен олардың құрылыс мердігерлері квоталау және шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу жөніндегі талаптардан босатылады

Индустриалдық аймақтың негізгі мәнісі неде? Кәсіпкер өз кәсібін ашуы үшін жергілікті алаң, жер, оған жеткізілген инфрақұрылым жеткізілген жерді индустриалдық аймақ деп айтамыз. Өзінің бизнес жоспары бар, кәсібін кеңейтуге ниеттенген кәсіпкер Түркістан қаласындағы индустриалдық аймаққа келіп басқарушы компаниядан немесе қалалық әкімдіктегі бөлім арқылы аймақтық үйлестіру кеңестің келісімін алады. Басқарушы компаниямен келісімшартқа тұрады. Өзінің жобасына қажетті инженерлік  коммуникацияларды кәсіпорынның ішіне өзі тартып алады.

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы мұнда банктердің филиалдары  мен  түрлі қаржы ұйымдары ашылып, жұмыс істей бастады. Бұл бірінші кезекте шаһардағы кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпалын тигізгені сөзсіз. Оның ішінде қаладағы индустриалдық аймақтың дамуына, осында өндірісті дамыту үшін жасалып отырған қолдау шаралары көрініс тапты.  Түркістан – шағын және орта бизнес саласы жақсы дамыған қала. Сауда-саттық, туризм, мейрамхана бизнесі, қонақ үйлер, оларға қызмет ететін қоғамдық көліктер – мұның барлығы сапалы қызмет көрсету сервистеріне жатады. Ал сервисі жақсы дамыған қалада көп ұзамай өндірістік жобалар да  іске асырыла бастайды.

Индустриалдық аймақтағы үлкен артықшылықтардың бірі – дайын өндірістік ғимараттардың салынуы. Алдағы уақытта осы тәжірибені жалғастыра түсу жоспарда бар. Бұл инвесторлар үшін өте тиімді. Себебі, олар ғимарат салып уақытын жоғалтпайды, қолдануға дайын өндірістік ғимарат тұр. Кез келген уақытта ісін бастай алады. Екіншіден, бағасының тиімділігі. Ғимаратты пайдалануға алғаны үшін ақыны бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің  шығындарын кемітуге өте үлкен көмегін береді. Оның үстіне, индустриалдық аймақтағы электр энергиясының  тарифтері  біршама төмен. «Түркістан» индустриалдық аймағының қажеттілігі үшін қуаттылығы 25 мВт болатын қосалқы электр станциясының құрылысы қолға алынған болатын. Ол электр энергиясы тарифінің бағасын азайтуға септігін тигізеді.

Әлбетте, ұсынылған мүмкіндіктер мен жеңілдіктермен қатар кәсіпкерлер мен инвесторларға қойылатын талаптар да жоғары. Жобаны іске асыруға уәде беріп, индустриалды аймақтан жер алғанымен, мақсатына сай пайдаланбай отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Инвестициялық келісімшартты орындамай, бір жыл ішінде ешқандай әрекет жасалмаған жағдайда кәсіпкерге индустриалдық аймақтан берілген жер кері қайтарып алынады. Бұған дейін бірнеше инвестордан жер кері қайтарылып үлгерді.

Жас мамандар жұмыспен қамтылды
Түркістан: Қалалық мәслихатта күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу