Аз қамтылған отбасыларға жағдай жасалуда
Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету.

Әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау – қоғам тұрақтылығы мен экономикалық дамудың маңызды тетігі болып саналады. Сол қолдаудың ең тиімді жолдарының бірі – тұрғын үйлерді мұқтаж отбасыларға беру. Бір қарағанда бұл тек әлеуметтік көмек сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мұндай бастама қала экономикасына да үлкен әсер етеді. Біріншіден, тұрғын үй салу – құрылыс саласының дамуына жол ашады. Құрылыс – көптеген саламен тығыз байланысты: цемент, ағаш, металл, жиһаз, көлік және қызмет көрсету сияқты бағыттарда жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы арқылы жергілікті халық жұмыспен қамтылып, экономикалық белсенділік артады.
Осы орайда Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев шаһар аумағында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және жол жөндеу нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әбілсейіт Байсейітұлы жаңадан салынып жатқан ипподромға апаратын жолдың құрылыс барысын аралады. Жоспарға сәйкес ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын жолға екі қабатты асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылған. Бүгінде жолдың екі жағынан аяқжол төсеу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ, Бекзат тұрғын алабында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мұнда жалпы ұзындығы 8,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу барысында жол негізін әзірлеу, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысын төсеу, жол жиектерін ретке келтіру, сондай-ақ бір жақты аяқжол салу жұмыстары атқарылуда.
Отырар тұрғын алабында да ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мұнда Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес көшелерді қамтитын, жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшеде орташа жөндеу жүргізілуде. Жол инфрақұрылысымен қатар тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Әбілсейіт Байсейітұлы 5 қабатты 22 кредиттік тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Жалпы аумағы 8,4 гектарды құрайтын кешенде 880 пәтер салынып жатыр. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары басталып, белсенді жүргізілуде. Нысандарды аралау барысында қала әкімінің орынбасары мердігер ұйымдарға жұмыстарды сапалы, әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйге қол жеткізуі олардың өмір сапасын жақсартады. Тұрақты баспанасы бар адам тұрақты табыс табуға, балаларының білім алуына, өз ісін бастауға көбірек мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тәуелділікті азайтып, экономикалық дербестікті күшейтеді. Әлеуметтік тұрғын үйлер қаланың инфрақұрылымын дамытуға да ықпал етеді. Жаңа тұрғын аудандар салынса, жол, мектеп, балабақша, емхана сияқты нысандар да салынады. Бұл тек тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қала бюджетіне салық түсімін арттырады. Сонымен қатар, мұндай жобалар қоғамда әлеуметтік әділдік пен сенімділік сезімін қалыптастырады. Мемлекет өз азаматтарын қолдап отырса, халық та экономикалық белсенділігін арттырып, ел дамуына үлес қосады.
Тұрғын үйлерді әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беру – тек қайырымдылық шарасы емес, ол – қаланың экономикалық дамуын жеделдететін әлеуметтік-инвестициялық жоба. Бұл саясат халықтың өмір сүру деңгейін көтеріп қана қоймай, тұрақты және әділ қоғам құрудың нақты жолы болып табылады.

 
  
  
 




