Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы жаңа дәуірге қадам басуда
Сайрам ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында тың жобаларды қолға алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.
Мемлекеттік қолдаулар мен кәсіпкерлердің табандылығының нәтижесінде аудан тұрғындары дәстүрлі егіншілік пен мал шаруашылығымен қатар, жаңа технологияларға негізделген бағыттарды да игере бастады. Әсіресе, жылыжай кешендері мен жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану арқылы табыс көлемі артып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындары құрылуда.
Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанда қарқын алған жылыжай шаруашылығының бүгінде жаңа қырынан дамуы осы сөзіміздің айғағы. Кеңестік кезеңде тұрғызылған өндірістік жылыжай кешендері тоқырау жылдарында қирап қалғанымен, қазіргі таңда олардың орнын жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи кешендер басуда. Сайрам ауданында да бұл сала қарқынды өркендеп келеді.
Қарасу ауылдық округінде орналасқан «Валиев» жеке кәсіпкерлігінде 60 соттық жылыжай мен 2,5 гектар ашық алқапта қиярдың «Меренга» сорты мен голландиялық «Умагна» қызанағы өсіріледі. Мұнда агротехнологиялардың барлық талаптары сақталып, микроклимат жасалған. Соның арқасында тек жергілікті базарлар ғана емес, Қарағанды мен Астана нарықтары да сапалы өніммен қамтамасыз етіліп отыр. Өнімдердің бір бөлігі қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Шаруашылықта 9 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық кезеңде қосымша 20–25 адам еңбекпен қамтылады. Оларға тегін тамақ берілуі де кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді.
Жылыжай кешендерінің дамуы – тек көкөніс көлемін арттыру емес, ол жергілікті инфрақұрылымның дамуына да ықпал етіп отыр. Құдық қазылып, қоймалар салынды, электр желілері тартылды. Жыл сайын жүздеген тонна көмір жылытуға жұмсалып, өнім өндірудің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Бұл бастама тек ауыл шаруашылығында емес, ауыл өмірінің барлық саласында қозғалыс туғызып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуда.
Сайрамдағы тағы бір ірі жоба – «Zaure Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2023 жылы Ақсу ауылында жалпы аумағы 6 гектарды құрайтын заманауи жылыжай кешені іске қосылды. 2,2 миллиард теңге инвестиция тартылған бұл нысан климатты басқару жүйесімен, тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған. Қыс мезгілінде де жаңа піскен көкөніс беретін кешен халықты импортқа тәуелділіктен арылтып отыр.
Компания бір жарым жылдың ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Жылыжайда қызанақ, қияр, бұрыш пен баклажан өсіріліп, 2024 жылы 3 200 тоннадан астам өнім жиналды. Кәсіпорын жетекшісі Жания Ашықбекованың айтуынша, басты жетістік – мол өнім ғана емес, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту. Қазіргі таңда кешенде еңбек ететіндердің басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Олар тұрақты жалақы алып, туған жерінде еңбек етуге мүмкіндікке ие болып отыр.
Аудан әкімдігімен ынтымақтастықтың арқасында инфрақұрылым мәселелері де қысқа мерзімде шешімін тапты. Су мен жарық жеткізіліп, жер телімдері қолжетімді болды. Бұл – мемлекеттік құрылымдар мен жеке кәсіпкерліктің тиімді әріптестігіне жарқын мысал. Сонымен қатар кәсіпорын экологиялық тазалықты бірінші орынға қояды: зиянды химикаттар қолданылмайды, суару мен желдету жүйелері ресурстарды үнемдеуге бағытталған.
Мұндай жобалар ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етіп қана қоймай, аудан экономикасының жалпы әлеуетін көтеруде. Жыл сайын кәсіпорын қарқынын арттырып, жаңа гектарлар игерілуде, өндіріс көлемі ұлғаюда. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының жалпы ішкі өнімін арттырып, мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемін көбейтуге негіз болады.
Сайрам ауданында жайылымдық жерлерді қайтару және тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Жайылымдардың дұрыс игерілуі мал шаруашылығының дамуына серпін беріп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік жасайды. Бұл ауыл тұрғындарының табысын өсіріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етеді. Артық өнім экспортқа шығарылып, ел экономикасына қосымша табыс түсіреді. Демек, жайылымдарды сақтау мен басқару – тек табиғатты қорғау ғана емес, ауыл шаруашылығы мен ұлттық экономиканы нығайтудың басты тетігі.
Жылыжай шаруашылығы мен жайылымдарды тиімді пайдалану бірін-бірі толықтыратын бағыттар. Бір жағынан, аудан тұрғындары сапалы көкөніспен қамтылса, екінші жағынан, мал шаруашылығының өркендеуі азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді. Екі сала да жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Бүгінде Сайрамдық кәсіпкерлердің еңбегі мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында аудан ауыл шаруашылығының жаңа дәуіріне қадам басты. Жылыжай кешендері «жасыл зауыттарға» айналып, жайылымдық жерлер ел игілігіне қайта оралды. Бұл үрдіс жалғасын тапқан сайын, Сайрам тек облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде де агроөнеркәсіп саласының көшбасшыларының қатарына шығары сөзсіз.
С.АБЫЛБЕКОВА