Агроөнеркәсіптегі жаңа серпін

Oinet.kz 06-09-2025 14

Сайрам ауданы – Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені ең қарқынды дамып келе жатқан өңір. Аудан экономикасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен ірі жобалардың жүйелі жүзеге асырылуы ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға жол ашып отыр.

Screenshot_7.jpg

Осындай ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде жүрген шаруашылықтардың бірі – «Исамиддин» шаруа қожалығы. Ақсукент ауылдық округінде орналасқан бұл қожалық мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ауданның экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2024 жылы қожалық «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 62 бас ірі қара мал сатып алып, аудан бойынша алынған жалпы 124 малдың жартысына жуығын қамтамасыз етті. Жоспарланған 75 бастың орнына 189 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп, бұл жетістікке «Ақбұлақ ет өнімдері» ЖШС-мен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде қол жеткізілді.

Қожалықтың бұл қадамы тек мал басын көбейту немесе табыс табумен шектелмейді. Ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – оның негізгі жетістіктерінің бірі. Сала мамандарының пікірінше, «Сыбаға» бағдарламасы аясында қолға алынған осындай жобалар аудан экономикасының тұрақты тіректеріне айналып келеді.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетудегі келесі ірі қадам – «Сайрам Агро» индустриалды аймағы. Бұл жоба Арыс ауылдық округінде бой көтеріп, Сайрамды агроөнеркәсіп саласының жаңа орталығына айналдыруды көздейді. Жобаның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, өндірісті жаңғырту және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру. 2026–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылуы жоспарланған аймақта мал бордақылау алаңдары, мал сою және өңдеу цехтары, тауарлы сүт фермалары мен биоотын өндірісі ашылады.

Индустриалды аймақтың инфрақұрылымына да айрықша мән берілген. Мұнда су, газ, электр желілері тартылып, жолдар салынады. Сондай-ақ екі су ұңғымасы қазылып, 500 тоннаға дейін су резервуары орнатылмақ. Мұндай шаралар аймақтың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Аймақтың географиялық тұрғыдан қолайлы жерде – Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі мен А2 автомагистралі бойында орналасуы дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.

«Сайрам Агро» индустриалды аймағы іске қосылғанда аудан экономикасына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға сеп болады. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Осылайша, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан «Исамиддин» қожалығының жетістігі мен «Сайрам Агро» индустриалды аймағының болашағы өңірдің ауыл шаруашылығын жаңа белеске көтеріп отыр. Бұл бастамалар ауданның азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, Сайрамды агроөнеркәсіп саласының көшбасшысына айналдыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.

С.СӘУЛЕБАЙ

Сайрамда ауыл шаруашылығы өсім үстінде
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы жаңа дәуірге қадам басуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу