Сайрамда ауыл шаруашылығы өсім үстінде
Сайрам ауданының экономикасы жыл сайын жаңа серпін алып, ауыл шаруашылығы саласы өңірдің басты даму көрсеткіштерінің біріне айналып отыр.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында атқарылған жұмыстар ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін айқындап, экономикалық өсімнің тұрақты үрдіске айналғанын дәлелдейді.
Биылғы 8 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 79,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,2 пайызға жетті. Бұл – қосымша 2,5 млрд теңгенің өсімі деген сөз. Нақты көлем индексі 96,8 пайызды көрсетті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі – 21,3 млрд теңге (89,8%), ал мал шаруашылығы – 57,8 млрд теңгені (98,8%) құрап отыр. Ауданның облыс көлеміндегі үлесі 16,3 пайызды иеленді.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі де артып келеді. Жоспарланған 4,5 млрд теңгенің орнына 6,1 млрд теңге игеріліп, өткен жылмен салыстырғанда (3,6 млрд теңге) 1,7 есеге көбейді. Ал тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция көлемі 3,0 млрд теңгенің орнына 5,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 114,6 пайызды көрсетті.
Аудан бойынша биылғы егіс көлемі 51,3 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 23,6 мың гектар жерге себілді. Бидай – 20,8 мың га, арпа – 2,5 мың га, жүгері – 0,2 мың га жерге егілді. Сонымен қатар майлы дақылдар 6,6 мың га, картоп 3,6 мың га, көкөніс 5,5 мың гектарға отырғызылды.
Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы жалпы 1643 гектар жерге осындай жүйелер енгізілсе, бүгінгі таңда оның 1113 гектары толық пайдалануға берілді. Оның ішінде тамшылатып суару – 596 гектар, жаңбырлатып суару – 517 гектарды қамтиды. Бұл тәсіл өнімнің сапасын арттыруға, жердің құнарын сақтауға және су қорын тиімді пайдалануға жол ашады.
Сайрам ауданы мал шаруашылығы саласында облыстағы көшбасшылардың бірі болып қала береді. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, ірі қара мал саны – 246 713 бас, қой мен ешкі – 169 305 бас, жылқы – 82 016 бас, құс – 191 522 басты құрады. Барлық мал саны 689 685 басқа жетті.
Өндірістік көрсеткіштерге тоқталсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндіру – 25,5 мың тонна (82,2%), сүт өндіру – 111,9 мың тонна (118,4%), жұмыртқа – 11,2 млн дана (106,6%) көлемінде болды. 8 айда барлығы 30,3 мың тонна ет экспортқа шығарылып, оның ішінде 19,9 мың тонна ірі қара, 10,4 мың тонна қой еті болды.
Ауданда мал басын асылдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда «Бақар Агро» шаруашылығында 150 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы ферма құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге Чехиядан 200 бас симментал тұқымды сиыр әкелу бойынша келісім жасалды. Жоспар бойынша бұл іс жыл соңына дейін толық орындалмақ.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың 8 айындағы көрсеткіштер Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде екенін айқын көрсетіп отыр. Егін мен мал шаруашылығы қатар өркендеп, инвестиция көлемінің артуы экономиканың өрісін кеңейтіп, халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етуде.
Сайрамдық еңбеккерлердің табандылығы мен жаңа технологияларды батыл енгізуі аудан экономикасының алдағы уақытта да өркендеуіне серпін берері сөзсіз.
С.СӘУЛЕБАЙ