Сайрам ауданында аграрлық сала жаңа технологиялық дәуірге қадам басуда

Oinet.kz 06-09-2025 20

Қазақстан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. Әсіресе, аграрлы әлеуеті жоғары аймақтарда атқарылған әрбір жаңа бастама елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірлік дамуға серпін береді. 

Screenshot_9.jpg

Мемлекет басшысының ауыл аймақтарын өркендетуге бағытталған саясаты нәтижесінде бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде тың жобалар жүзеге асып келеді. Соның жарқын бір мысалы – биыл Сайрам ауданында іске қосылған ауылшаруашылық техникаларын жинақтап шығаратын заманауи зауыт.

Аудан орталығы Ақсукент ауылында ашылған “Завод автотехнология” мекемесі – агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған ірі өндірістік жоба. Мұнда әртүрлі ауыл шаруашылығы жұмыстарына бейімделген арнайы техникалар жинақталады. Қытай Халық Республикасынан жеткізілген заманауи машиналар мен құралдар жергілікті шаруаларға үлкен қолдау болмақ. Бұл – егін және мал шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырып, сапалы әрі қолжетімді техникалық қызметке жол ашатын тың мүмкіндік.

Өңірге келген жаңа техникалар заманауи агротехнологияның озық үлгілері саналады. Олар жер жырту, егін егу, өнім жинау сияқты негізгі жұмыстарды жеңілдетіп қана қоймай, еңбек шығынын азайтып, өндірістің тиімділігін арттырады. Осы арқылы шаруалардың шығындары қысқарып, өнімділік деңгейі көтеріледі. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, аудан экономикасына да жаңа серпін береді.

Жаңа өндіріс орнының құрылтайшысы, өңірлік филиал төрағасы әрі облыстық мәслихат депутаты Қалмуратов Төрегелді Оразалыұлы зауыттың ресми таныстыру рәсімін өткізді. Өз сөзінде ол: «Бұл – жергілікті шаруалардың ұзақ күткен жобасы. Техникаға қолжетімділікті арттыру арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігі еселеп өседі. Демек, бұл тек аудан үшін емес, бүкіл облыстың экономикалық дамуына үлес қоспақ», – деп атап өтті.

“Завод автотехнология” – тек ауыл шаруашылығына арналған техниканы жеткізу ғана емес, сонымен бірге, оларды жергілікті жерде жинақтап, қажетіне қарай бейімдеп шығаруды көздейді. Бұл отандық өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және кадрларды оқытып, кәсіби тәжірибесін арттыруға жол ашады.

Жаңа өндірістік орталықтың ашылуы аудан экономикасына қосылған зор үлес болып отыр. Біріншіден, ауыл шаруашылығында технологиялық жаңару жүзеге асады. Екіншіден, жергілікті бюджетке қосымша кіріс түседі. Үшіншіден, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына мүмкіндік туады.

Көп жағдайда фермерлер заманауи техниканы қымбат болғандықтан ала алмай қиналатын. Енді бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Зауыт ауыл еңбеккерлеріне ыңғайлы шарттар ұсынып, тиімді бағамен техника алуға жол ашпақ. Бұл – жергілікті шаруалардың қажырлы еңбегін жеңілдетіп, ауылдағы тұрмысты жақсартуға жасалған нақты қадам.

Сайрам ауданында ашылған бұл зауыт – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін іргелі бастама. “Завод автотехнология” – агроөнеркәсіп кешенінің келешек дамуына жол ашып, аудан экономикасын әртараптандыруға үлес қоспақ. Ең бастысы, бұл игіліктің пайдасын жергілікті шаруалар көреді. 

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы жаңа дәуірге қадам басуда
Таңдау пациентте: Қазақстанда дәрі-дәрмектер үшін бірлесіп төлеу тетігі енгізіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу