Жәрмеңкенің үздік сауда нүктесі – Сайрам ауданы
Сайрам ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында қарқынды дамып, өңір экономикасының өсуіне серпін беріп отыр.
Егіс алқаптарының көлемі артып, қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті күшейіп, нарыққа сапалы өнім ұсыну дәстүрге айналды. Бұл жетістіктер аудан тауар өндірушілерінің республика көлемінде мойындалуына жол ашуда.
Соның айғағы ретінде 30–31 тамыз күндері Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін атауға болады. Астананың төрінде ұйымдастырылған ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін тұрғындар мен қала қонақтарының назарына ұсынған еді.
Жәрмеңкеде Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ерекше көзге түсіп, «ЖӘРМЕҢКЕНІҢ ҮЗДІК САУДА НҮКТЕСІ» дипломымен марапатталды. Бұл жеңіс – аудан еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі әрі өңірдің ауыл шаруашылығындағы әлеуетін айқын көрсеткен жетістік болды.
Сайрамдық кәсіпкерлер елордаға 12 тоннаға жуық өнім жеткізді. Оның ішінде жеміс-көкөніс, табиғи ет пен сүт өнімдері, сондай-ақ жергілікті қайта өңдеушілердің тауарлары ұсынылған болатын. Барлық өнім тұтынушыларға нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен бағада ұсынылып, халық тарапынан зор сұранысқа ие болды.
Жәрмеңке күндері астаналықтар сайрамдық өнімдердің экологиялық тазалығын, дәмі мен сапасын ерекше атап өтті. Көптеген тұтынушылар ет және сүт өнімдерін, бақша дақылдарын молынан алып, аудан шаруаларының еңбегіне ризашылық білдірді. Сауда нүктесінде ұзын-сонар кезектің болуы өнімге деген сенімнің жоғары екенін көрсетті.
Аудан басшылығы мұндай жетістіктер Сайрам өңірінің экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейтінін атап өтті. Олар болашақта да жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары жалғасын табатынын, сондай-ақ осындай республикалық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатыса беретінін жеткізді.
С.СӘУЛЕБАЙ