Сайрамда жаңа мектеп ашылды
Сайрам ауданы бүгінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған іргелі өңірлердің бірі.
Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, өндірістік әлеуеттің артуы, инфрақұрылымдық жаңғырулар аудандағы өмір сапасын жақсартып, халықтың тұрмысын көтеруде. Экономиканың тұрақты өсуі әлеуметтік салаға да серпін беріп, жаңа мектептер, мәдениет және спорт нысандары бой көтеруде. Соның айқын дәлелі – 2025 жылғы 1 қыркүйекте С Ақсу ауылында 600 орынға арналған жаңа мектептің ашылуы.
Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы Дүйсебаев, Сайрам аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Адырбекұлы Сыздықов, облыстық білім басқармасының орынбасары А.Қасымбекова, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Ахметов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа білім ордасы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Лента қию рәсімінде облыс әкімі жаңа мектептің өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталып, ұстаздар мен оқушыларға табыс тіледі.
Мектептің жобалық қуаттылығы – 600 оқушы. Құрылысы 2023 жылы басталып, 2025 жылдың тамызында аяқталды. Жалпы ауданы – 8063,68 шаршы метр, аумағы – 2,2 гектарды құрайды. Үш қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай салынған.
Жаңа оқу орны келесі мүмкіндіктермен қамтылған:
150 орындық асхана;
акт залы;
кітапхана;
спорт залы;
шеберхана;
медициналық пункт;
лифт;
бейнебақылау жүйесі;
орталық жылу, су және кәріз жүйелері.
Қонақтар мектептің пән кабинеттерін, спорт және АКТ залын, асхананы аралап көріп, жаңа нысанға жоғары баға берді.
Бұл мектеп – аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік тұрақтылықтың нәтижесі. Экономикалық өсімнің арқасында жаңа инфрақұрылымдық нысандар бой көтеріп, тұрғындар сапалы білім мен қолайлы жағдайға қол жеткізуде.
Ақсу ауылындағы жаңа мектептің ашылуы – Сайрам ауданында тек бүгінгі күннің ғана емес, келешектің де игілігіне бағытталған тарихи қадам. Жаңа білім ордасы жас ұрпаққа білім алуға кең жол ашып, өңірдің интеллектуалды әлеуетін көтеруге ықпал етпек.
С.АБЫЛБЕК