Сайрам ауданында инвестициялық жобаларды қолдау мәселелері көтерілді
Сайрам ауданында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында аудан экономикасының дамуына серпін беретін маңызды басқосу өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын инвестициялық жобалардың орындалуына кедергі келтіретін мәселелерді талқылау, инвесторлардың құқықтарын қорғау және оларды жан-жақты қолдау тетіктерін қарастыру болды.
Кездесуге аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, салалық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты. Бұл түрлі тараптардың басын қосқан диалог алаңы бизнес пен билік арасындағы ашық қарым-қатынасты қамтамасыз етуге бағытталды.
Жиын барысында бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, инвесторларға жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қол жеткізу тәртібі секілді маңызды жайттар жан-жақты талқыланды. Әрбір нақты жобаға байланысты тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімі белгіленді.
Аудан басшылығының айтуынша, инвестициялық климатты жақсарту – Сайрам ауданының дамуының басым бағыттарының бірі. Сондықтан әкімдік тарапынан бюрократиялық кедергілерді азайту, рәсімдерді жеңілдету және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Жиынға қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдері де кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау, олардың бизнесін әділ әрі ашық ортада жүргізуіне қолдау көрсету мәселелерін назарға алды.
Кездесуде кәсіпкерлер өз тарапынан ұсыныстарын айтып, бірқатар түйткілді жайттарды ортаға салды. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселелерді шешу бойынша тиісті шаралар қабылдайтындықтарын жеткізді. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде ауданға тартылатын инвестициялар көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмыс сапасы жақсара түспек.
С.СӘУЛЕБАЙ