Сайрам ауданның өсім бағыттары айқындалды
Сайрам ауданында 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналған кеңейтілген жиын өтті.
Оған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Сержан Дүйсебаев төрағалық етіп, негізгі салалардың даму қарқыны мен жоспарлы индикаторлардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды.
Жиын барысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Айтекеева баяндама жасап, 8 ай ішінде қол жеткізілген нәтижелер мен шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды. Оның айтуынша, өнеркәсіп өндірісі, құрылыс, сауда және инвестиция тарту бағыттарында тұрақты өсім байқалған. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының әлеуетін арттыруға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға тікелей ықпал етіп отыр.
Дегенмен, ауыл шаруашылығы, полиция басқармасы, әлеуметтік сала және туризм бағытында жоспарлы индикаторлардың толық орындалмауы байқалғаны атап өтілді. Бұл – алдағы кезеңде ерекше назар аударуды қажет ететін салалар. Мәселен, аграрлық секторда өнімділікті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және шаруалардың еңбегін қолдау шараларын күшейту қажет. Әлеуметтік салада тұрғындарды жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мен білім беру сапасын арттыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Ал туризмді дамытуда аудандағы тарихи-мәдени нысандар мен табиғи байлықтарды тиімді пайдалану қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Сержан Дүйсебаев жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жоспарланған межелерге уақытылы қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдалануды, кемшіліктерді жою бағытында жүйелі жұмыс атқаруды міндеттеді. Сонымен қатар, аудан экономикасын дамытуда әрбір бөлімнің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін атап өтті.
Осылайша, Сайрам ауданында жыл басынан бері бірқатар салада оң нәтижелерге қол жеткізілгенімен, шешімін күткен мәселелер де бар екені белгілі болды. Алдағы уақытта қойылған міндеттердің орындалуы ауданның жалпы дамуына серпін бермек.
С.АБЫЛБЕКОВА