Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласында шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлердің күшімен атқарылып жатқан жобалар көп. Инвесторлар білім-ғылым мен қайта өңдеу саласына ерекше назар аударуда.
Мәселен, жақында Түркістан қаласында ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны салтанатты түрде ашылды.
Түркістан қалалық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жаңа оқу ордасы цифрлық дәуірде жастарға әлемдік деңгейде білім алуға, бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлауға, озық технологияларды игеруге және Қазақстанды цифрлық дәуірдің көшбасшысына айналдыруға қызмет етеді. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ірі халықаралық білім жобаларының бірі. Қазақстанды Орталық Азиядағы білім және инновация орталығына айналдыруға және жаһандық ғылыми-техникалық прогресстің алдыңғы қатарына шығуға жол ашады.
Бұл жоба бойынша келіссөздер өткен жылы басталып, 2024 жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім қоры арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Жалпы ауданы 16252 шаршы метрді құрайтын заманауи ғимарат 17 қабаттан тұрады. Университетте екі білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, студенттер «Жасанды интеллект» және «Деректер туралы ғылым» мамандықтары бойынша білім алады. Жоғарыда аталған бағдарламалар аясында «Қос диплом» және «Академиялық ұтқырлық» мүмкіндіктері қарастырылған. «Қос диплом» бағдарламасы аясында студенттер 2 жылды «Woosong University Kazakhstan» университетінде және 2 жылды Woosong University (Корея) немесе Woosong University-дің әлемдегі серіктес оқу ордаларының бірінде оқи алады. Бағдарламаны аяқтаған студенттер екі дипломға ие болады. «Алмасу бағдарламасы» аясында шетелде оқу, тәжірибеден өту мүмкіндіктері бар.
Бұл жаңа оқу ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ Ик, «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг арнайы қатысып, көпшілікті университеттің ашылуымен құттықтады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел дамуында маңызды рөл атқаратын игі істің жүзеге асуына атсалысқан барша серіктестерге алғыс білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, 1,5 жыл бұрын Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім беру қоры арасында жаңа университет ашу бойынша меморандумға қол қойылды. Ал, бүгінгі сәт – жаңа оқу орнының ашылуы ғана емес, халықаралық серіктестікке негізделген сапалы білім берудің бетбұрыс кезеңі. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты биылғы Жолдауында аталғандай, еліміз толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отыр. Түркістанда ашылып отырған шетелдік университет дәл осы Президентіміз белгілеген стратегиялық бағыттың нақты іске асуының айқын дәлелі. Ерекше мәртебеге ие болған қасиетті Түркістанды білім мен ғылымның орталығына айналдыру – мемлекетіміздің басты мақсатының бірі. Бүгінгі салтанатты іс-шара – сол мақсаттың айқын дәлелі. Студенттерге ғылыммен айналысып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер ашылды. Баршаңызды «Woosong University Kazakhstan» университетінің ресми ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын, – деген Нұралхан Оралбайұлы.
Мәртебелі меймандар мен іс-шараға қатысушылар универсиетті аралап, оқу бөлмелерімен танысты. Студенттермен кездесті. Мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған. Арнайы оқу құралдары және жабдықтармен қамтылған.
Қонақтар «Тілектер кітабына» ізгі ниеттерін жазып, қол қойды. Тарихи сәттің құрметіне көпшілік назарына облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар Корей елінен келген студенттер мен Түркістан жастары бірге би композициясын орындады.
Түркістан облысы әкімдігі әрдайым жастарды қолдауға, сапалы білім мен ғылымға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Білім ордасының 2000 студентке дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Қысқа мерзім ішінде ашылған бұл жаңа оқу орнына республика бойынша үлкен қызығушылық байқалып отыр. Биыл осы университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.
Университетте арнайы профессорлық-оқытушылар құрамы жасақталған. Мұнда 13 оқытушы қызмет етпек. Университеттің материалдық-техникалық базасында 600 орындық жатақхана, Woosong University (Корея) базасындағы электрондық кітапхана бар. Бүгінде Түркістан қаласына Кореядан 100-ге жуық студент арнайы келді. Олар алдағы бір ай бойы осында білім алып, жергілікті жастармен тәжірибе алмасады.