Түркістан қаласында қолайлы бизнес климат қалыптасып отыр

Oinet.kz 20-09-2025 44

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындап, мемлекеттің даму бағытын нақты белгілеп берді. 

Screenshot_21.jpg

Жолдауда өңдеу өнеркәсібін өркендету, кәсіпкерлікке кең жол ашу, инвестиция тарту, цифрлық экономиканы ілгерілету сынды стратегиялық маңызды міндеттер қойылды. 

Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан қаласында кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамыту жұмыстары қарқынды жалғаспақ. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында Түркістан қаласы аумағында жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылып, нәтижесінде 193 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ал кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау аясында өнеркәсіп, білім, логистика, медицина, жеңіл өнеркәсіп және өзге де салалар бойынша жобалар екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылуда. Ал арнайы экономикалық аймақта қазіргі таңда 9 жоба жүзеге асырылып, 2956 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, индустриалды аймақта 23 жоба іске қосылып, 961 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарланған жобалар шеңберінде шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда. 

Осы жылдың 8 айында белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22010-ға жетіп, онда 34500 адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65-68 пайызын құрайды. Бизнесті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. 

Жалпы Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш артып отыр. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп саласында да ілгерілеу бар. Қалада халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, шаһарда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артқан. 

Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6 пайызбен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдалануда. Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. 

Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес. Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. Қайтарымсыз грант алуға жүзден аса өтініш түссе, тұрғындардың бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. Отызға тарта азамат мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін шағын несие иегері болды. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, ештеңеден қаймықпай алға ұмтылу түбінде мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар баршылық. 

Мәселен, Түркістандық жеке кәсіпкер Шәмшиддин Айметов «Ideal» кәсіпорнының негізін 2018 жылы қалады. Ол қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Әуелі осы кәсіптің түбін аз ғана жұмысшылармен бастап, санқилы жолдармен зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде жұмысы жандана түскен. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптеген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. «Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі, содан соң үстел жиналып құрастырылады, одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі, сосын дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады, патина, лак жағылады, ең соңында ысып жылтырату арқылы түрлі процестерден, яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді», - дейді кәсіпкер. 

Өз ісін ашып, ырысқа кенелген еңбекқорлардың арасында үй тірлігімен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер де жетерлік. Солардың бірі қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін шығаратын Жанат Тұрғанбаева. 2016 жылдан бастап үй ішінен ашылған цехте бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар кондитер өнімінің алуан түрлерін, яғни күніне 50-ден астам торт түрлерін, атап айтсақ, вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ, 1000-ға жуық самса шығарады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпараны, қуырылған түшпараны қолдан бүгіп дайындайды. Сонымен қатар қаладан кондитер өнімдерін сататын бірнеше сауда орындарының нүктесін, кофеханалар ашып, тәттілер әлемінде өз брендін қалыптастыруда. Дәмі тіл үйірер торттарды бір жеген адам бүгінде қайта айналып келетін тұрақты тұтынушыға айналғаны жасырын емес. Кәсіпкер мұның сырын былай түсіндіреді: «Тұтынушылардың көптеп тартылуының себебі – дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз», - дейді ол.

Түркістан қаласында азық-түлік бағасы тұрақты
Түркістан қаласында туристік орталықтар инвесторлардың қолдауымен дамуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу