Түркістан қаласында азық-түлік бағасы тұрақты

Oinet.kz 19-09-2025 41

Түркістан қаласында тұрғындарға қолжетімді бағамен күнделікті тұтынуға қажетті негізгі азық-түлік өнімдері тұрақты ұсынып отыр. 

Screenshot_20.jpg

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында арнайы жұмыстар қолға алынған. Бұл мақсатта жалпы облыс аумағында 38 әлеуметтік дүкен болса, оның 31-і Түркістан қаласында орналасқан. 

Қала әкімінің сөзінше, бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарық бағасынан 20-30 пайыз төмен өткерілуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалыптасқан облыс әкімдігінің Тұрақтандыру қорында азық-түлік көлемі жеткілікті. Бүгінде өңірде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар. 

Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Соңғы 1 айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар өндірілген. Сонымен қатар ет бағасын тұрақтандыру жұмыстары облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Ет өндіретін шаруаларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр еті базарларда 2600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр. 

Статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа мен көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен деңгейде. Сонымен қатар бағаны тұрақтандыруға апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатуға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың азық-түлікті нарықтағыдан 20-30 пайыз төмен бағамен алуына мүмкіндік беруде. 

Бүгінгі күні Түркістан өлкесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмалары аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар оң нәтиже беруде. Жалпы облыста өнім көлемін ұлғайту бойынша осы жылдың 8 айының қорытындысымен нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. 9 айда жалпы өнім көлемін 104,3 пайызға ұлғайту көзделген. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған еді. Бүгінде нақты 59 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектар ендіру жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде. Мұның ішінде Түркістан қаласының да үлесі бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылған болатын. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, жыл соңына дейін 1649  ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып, бүгінде 1379 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Нәтижесінде, жаңалау үлесі 7,9 пайызды құрап, жалпы ауыл шаруашылығы техникасының саны 17487 бірлікке жеткен. Мемлекет тарапынан инвест жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетілуде. Облыс көлемінде жеміс-көкөніс сақтау үшін 3 қойма салынып, пайдалануға берілген. Ал республикамызда Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы саласында жетекші саланың бірі. 

Түркістан қаласында өткен 7 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімі көлемі – 2661,5 миллион теңгені, 86,1 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс мақта, көкөніс және жеміс-жидек өсіру бойынша республикада 1 орында. Жыл сайын жылыжайлар мен егістік алқаптарының көлемі артуда. Салаға Кореяның жасанды интеллект, робототехника және биотехнологияға негізделген озық агротехнологияларын, соның ішінде заманауи «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстың бірегей тарихи ескерткіштері, бай мәдениеті, қонақжайлылығы пен әсем табиғаты туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. 

Түркістан қаласының әкімі салық түсімдерін арттыруды тапсырды
Түркістан қаласында қолайлы бизнес климат қалыптасып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу